Варшава – 2026 жылғы 17 шілде – Польша Олимпиадалық комитетінің Варшава қаласындағы штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы делегациясының Польша Ұлттық Олимпиада комитетінің Президенті Радослав Пешевич бастаған комитет басшылығымен кездесуі өтті.
Қазақстандық делегацияның құрамына мемлекеттік органдардың, спорт мекемелері мен ұйымдарының басшылары, сондай-ақ Қазақ ұлттық спорт университетінің өкілдері енді. Кездесуге Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Елшілігінің өкілі де қатысты.
Кездесу барысында поляк тарапы ұлттық спорт жүйесін ұйымдастыру тәжірибесін, олимпиадалық қозғалыстың қызметін, спорт федерацияларымен өзара іс-қимыл тетіктерін, ұлттық құрама командаларды даярлау жүйесін және халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын таныстырды.
Сонымен қатар, тараптар спорт және білім беру салаларындағы қазақстандық-польшалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, спорт менеджменті саласында тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау және спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Аталған сапар WSG University мен Қазақ ұлттық спорт университетінің бірлескен ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өткізілді. Кездесу Қазақстан мен Польша арасындағы спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды кезеңдердің бірі болып, тараптардың әріптестік байланыстарды одан әрі кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-warsaw/press/news/details/1260500?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау