Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық ұйымдардың жұмысын бақылаудың заманауи цифрлық жүйелерін енгізуді жалғастыруда. Соның бірі – СУР-2.0. Бұл жүйе ықтимал тәуекелдерді ерте анықтап, заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
СУР-2.0 мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді автоматты түрде талдайды. Жүйе медициналық ұйымдардың жұмысын бағалап, қай бағыттарға ерекше назар аудару қажет екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда СУР-2.0 арқылы медициналық ұйымдарға бармай-ақ профилактикалық бақылау жүргізіледі. Бағалау 5 негізгі индикатор бойынша жүзеге асырылады:
- бір медициналық ұйымда қосалқы жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің үлесі;
- кадрлардың тұрақтамауы;
- мамандардың клиникалық практикаға рұқсат етілген жарамды сертификаттарының болуы;
- лицензияның нақты көрсетілетін медициналық қызмет түрлеріне сәйкестігі;
- медициналық ұйымның денсаулық сақтау жүйесінің талаптарына сәйкестігі.
Жүйе барлық қажетті ақпаратты мемлекеттік ақпараттық ресурстардан нақты уақыт режимінде алады. Кейін тәуекел көрсеткіштерін автоматты түрде есептеп, әр медициналық ұйым бойынша қорытынды шығарады.
Бұл медициналық ұйымдардың жұмысын ашық әрі тиімді бақылауға, атап айтқанда:
- тәуекел көрсеткіштерін автоматты түрде есептеуге;
- барлық ақпаратты бір жерде сақтауға;
- көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде бақылап, талдауға
мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 60 тәуекел индикаторы әзірленді. Оның ішінде:
- 3 индикатор – лицензиядан кейінгі бақылауға қатысты (лицензияның сәйкестігі, маман сертификатының болуы және медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру шартының болуы);
- 5 индикатор – медициналық ұйымдардың кадрлармен және медициналық техникамен қамтамасыз етілуін бағалайды;
- 20 индикатор – клиникалық қызметтің нәтижелерін (аурушаңдық, мүгедектік, өлім-жітім көрсеткіштері) бақылайды;
- 32 индикатор – халықтың медициналық көмекке, оның ішінде профилактикалық қызметтерге қолжетімділігін бағалайды.
Барлық индикаторлар кезең-кезеңімен енгізіледі. Болашақта жүйе медициналық ұйымдардағы тәуекел деңгейін – жоғарыдан төменге дейін автоматы түрде анықтайтын болады. Бұл бақылауды ең алдымен назар аударуды қажет ететін ұйымдарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, СУР-2.0 арқылы медициналық ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар жолданады.
Ұсынымдардың орындалуы толықтай жүйеде бақыланады. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етіп, орындау мерзімдерін және әрбір кезеңдегі орындалу мәртебесін бақылауға мүмкіндік береді.
Анықтама үшін: 2026 жылғы сәуірде «Медициналық қызметтер көрсету саласында бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бармай профилактикалық бақылау жүргізу жөніндегі нұсқаулыққа» (Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының 2026 жылғы 16 сәуірдегі № 213-НҚ бұйрығы) «Лицензияның жүзеге асырылатын медициналық қызметтің кіші түріне сәйкестігі» және «Клиникалық практикаға жіберуге арналған маман сертификатының болуы» деп аталатын екі жаңа индикатор енгізілді.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті СУР-2.0 жүйесін одан әрі жетілдіруді және жаңа тәуекел индикаторларын кезең-кезеңімен енгізуді жалғастырады. Болашақта жүйе медициналық ұйымдардың тәуекел деңгейін автоматты түрде анықтап, бақылау шараларын тәуекел деңгейіне қарай тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бақылау ең алдымен тәуекелі жоғары ұйымдарға бағытталады.
Цифрлық профилактикалық бақылауды дамыту медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, адал жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және ең бастысы – пациенттердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kmfk/press/news/details/1260428?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау