ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛГЕН

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының өңірдегі орындалу барысы қаралды. Мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, аудан-қалалардағы көрсеткіштер мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Облыста қоғамдық орындарда тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бақылау жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4719 әкімшілік хаттама толтырылып, 135,4 млн теңге айыппұл салынған. Оның 87,9 млн теңгесі өндірілген. Ал Кодекстің 505-бабы бойынша 4 941 хаттама рәсімделіп, 31,5 млн теңге айыппұл салынып, 22 млн теңгесі өндірілген. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан 1323 өтініш келіп түскен.
Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан да қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 2794 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 2 465-і ескерту түрінде рәсімделген.
Жиында бей-берекет қоқыс орындарын жою мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 қоқыс орнының бүгінгі күнге дейін 33-і толық тазартылмаған. Жауапты әкімдіктерге бұл кемшіліктерді толық жою міндеті жүктелді.
Маусым мен шілде айларында жүргізілген мониторинг барысында облыс аумағында 399 кемшілік анықталған. Оның 349-ы бей-берекет қоқыс орындары болса, 50-і саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты болған. Берілген тапсырмалар нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер толықтай жойылғаны баяндалды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуын күшейтуді, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюды тапсырды. Сондай-ақ халықпен кері байланысты нығайтып, тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1260842?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version