Астанада тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау полицияның басты бағыттарының бірі болып қала береді.
Жыл басынан бері елордада тыныштықты бұзу фактілері бойынша 30 мыңнан астам өтініш тіркелді. Әрбір хабарлама полиция қызметкерлерінің назарына алынып, құқық бұзушылықтың мән-жайы тексеріледі. Тыныштықты бұзған азаматтар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Тұрғындардың тыныштығын бұзу көбіне түнгі уақытта аулада шулау, алкогольдік ішімдіктер ішу, қатты музыка қою, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын белгіленбеген уақытта жүргізу арқылы көрініс табады.
Мәселен, сағат 04:00-де «102» арнасына Сарыарқа көшесіндегі үйлердің бірінің артында азаматтардың қатты шулап жатқаны туралы хабарлама түскен. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, 41 жастағы азаматтың масаң күйде екенін анықтап, әкімшілік жауаптылыққа тартты.
Сол күні Таха Хусейн көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында да бір топ азаматтың шулап, алкогольдік ішімдіктер ішкені туралы хабарлама келіп түскен. Тексеру нәтижесінде 22 жастағы жігітке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұдан бөлек, Қазыбек би көшесінде тұрғындар аулада азаматтардың шулап жатқанына, сондай-ақ үйге қарама-қарсы аумақта құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тыныштықтың бұзылғанына шағымданған. Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 437-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік шара қабылданды.
Полиция департаменті тыныштықты бұзу – жай ғана тұрмыстық жағдай емес, заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғатын құқық бұзушылық екенін еске салады.
Бір адамның көңіл көтеруі немесе құрылыс жұмыстарын жүргізуі ондаған тұрғынның тыныштығына кедергі келтірмеуі тиіс. Әсіресе түнгі уақытта тұрғындардың демалу құқығын құрметтеу – қоғамдағы өзара сыйластық пен тәртіптің негізгі талаптарының бірі.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, көршілерінің тыныштығына құрметпен қарауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.
Тыныштықты бұзу немесе басқа да құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін «102» арнасына хабарласа алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1260711?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау