Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Казстройподряд» ЖШС құрылтайшысы, «TUKİB» түрік-қазақ кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Аталай Хикметті қабылдады.
Тараптар облыс орталығында заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салу жобасын талқылап, алдағы жоспарларды бірлесіп жүзеге асыру жайын қарастырды.
«Өткен аптада Қызылорда облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысқаныңыз үшін Сізге алғысымды білдіремін. Сол жолы заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салуға қатысты жоспарды жан-жақты талқылаған болатынбыз.
Баршамызға белгілі, «Казстройподряд» – халықаралық деңгейде танылған, күрделі құрылыс жобаларын табысты жүзеге асырып келе жатқан бірегей компания. Сіздердің мол тәжірибелеріңіз Қызылорда қаласында заманауи сауда-ойын-сауық кешенін салуға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Облыс әкімдігі жер телімі, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік органдармен келісу рәсімдеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді аймақ басшысы.
А.Хикмет өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, қолдау үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Казстройподряд» ЖШС – 2005 жылы құрылған отандық құрылыс компаниясы. Негізгі қызметі – заманауи құрылыс индустриясын дамыту, жоғары сапалы әрі сенімді стандарттарды қалыптастыру. Компания осы уақытқа дейін сауда-ойын-сауық орталықтарын, кеңсе ғимараттарын, заманауи тұрғын үй кешендерін, қонақ үйлерді, білім беру ұйымдарын, спорт кешендерін және болат конструкциялардан тұратын түрлі нысандарды салған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-shieli-district/press/news/details/1260838?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау