ЖЕТІСАЙЛЫҚ ОҚУШЫЛАРҒА ЖАРҚЫН ЖАЗ СЫЙЛАҒАН ЖАНАШЫРЛЫҚ
Баланың шат күлкісі мен алаңсыз балалығы – қоғамның ең асыл құндылығы. Сондықтан да жас ұрпақтың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыру – тек білім беру саласының ғана емес, тұтас қоғамның маңызды міндеті. Осы бағытта Жетісай ауданында жазғы сауықтыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып, мыңдаған оқушының жазғы демалысын жарқын әсерге толтыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «2024–2026 жылдарға арналған жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтыру, демалысын және бос уақытын ұйымдастыру» жоспарына сәйкес биыл Жетісай ауданынан жеті кезең бойынша 2 мың оқушы Төлеби ауданындағы «Ореховая роща» жазғы сауықтыру лагерінде демалуда. Бүгінгі күнге дейін бес кезеңде 1450 жеткіншек жазғы тынығудың қуанышын сезініп үлгерді.
Жазғы лагерьдегі балалардың жай-күйімен арнайы танысу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов лагерьге барып, бүлдіршіндермен жүздесті. Олар балалардың тұрмыс жағдайын, қауіпсіздігін, тамақтануын, демалыс бағдарламасының ұйымдастырылуын көріп, спорттық және мәдени шараларға бірге қатысты.
Лагерьде балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған жатын орындар, асхана, бассейн, медициналық пункт, санитарлық-гигиеналық нысандар мен демалыс аймақтары жұмыс істейді. Балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, үш мезгіл сапалы тамақтануы және күнделікті тәрбиелік-танымдық бағдарламалары тұрақты бақылауда.
Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов балалармен еркін әңгімелесіп, олардың көтеріңкі көңіл-күйі мен жарқын жүзін көріп, жазғы лагерьдің тек тынығу орны ғана емес, тұлғаны тәрбиелейтін үлкен өмір мектебі екенін атап өтті.
«Жазғы лагерь – шығармашылықты дамытып, достықты нығайтатын, балалардың бойындағы қабілеттерді ашатын ерекше орта. Мұнда әр бала өз мүмкіндігін танытып, спортпен шұғылданып, өнерін шыңдайды, жаңа достар тауып, туған елге деген сүйіспеншілігін арттырады. Олардың қауіпсіз әрі бақытты балалық шағын қамтамасыз ету біздің ортақ міндетіміз» деді аудан басшысы.
Балаларға деген қамқорлық мұнымен шектелген жоқ. Демалыс барысында белсенділігімен көзге түскен оқушылар мен топ жетекшілері аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталса, бесінші кезеңде демалып жатқан 300 оқушының әрқайсысына аудан әкімінің бастамасына қолдау білдірген кәсіпкерлердің демеушілігімен Жетісай қаласындағы аттракциондар саябағына, «Jet Plaza» ойын-сауық орталығына және кинотеатрға бір реттік сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Балаларға мерекелік дастархан жайылып, балмұздақ таратылды. Аудан өнерпаздары мен лагерь демалушыларының, цирк өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жазғы демалыстың ең жарқын сәттерінің біріне айналды.
Балаларға көрсетілген бұл қамқорлық – олардың көңілін көтеру ғана емес, әрбір жеткіншектің өзін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезінуіне, мемлекет пен туған өлкесінің жанашырлығын жүрегімен түйсінуіне жасалған үлкен қолдаудың бір дәлелі. Өйткені, бүгінгі қуанышты балалық – ертеңгі елдің жарқын болашағының кепілі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1260448?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау