Ақтөбе облысында жасанды интеллект негізіндегі өңірлік сараптамалық платформа таныстырылды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Байланыс желілерін кеңейту, 5G технологиясын енгізу және өңірлік сараптамалық платформаны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Асет Отарбаев баяндады.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысының 274 елді мекені мобильді интернетпен қамтылған. Биыл Елек, Ақсу, Байжанкөл және Дмитриевка ауылдары интернет желісіне қосылды. Бұдан бөлек, былтыр OneWeb спутниктік жүйесі арқылы 24 шалғай ауыл интернетпен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарын интернетпен қамту деңгейі 98,8 пайызға жетті. Жыл соңына дейін тағы сегіз елді мекен қосылса, көрсеткіш 99,6 пайызға дейін артпақ.
Аймақта бесінші буын мобильді байланыс желісі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Бүгінде 5G байланысы Ақтөбе қаласымен қатар облыстың тағы жеті елді мекенінде қолжетімді. Жалпы өңір аумағында 106 базалық станса жұмыс істейді. Оның 93-і – облыс орталығында.
2026 жылдың соңына дейін Ақтөбе қаласында тағы алты, Шалқар қаласында бір базалық стансаны іске қосу жоспарланған. Бұл 5G желісінің қамту аумағын кеңейтіп, тағы бір аудан орталығын заманауи байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары облыстың 172 елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Сонымен қатар тағы 38 ауыл спутниктік интернетпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта Мәртөк – Жайсаң учаскесінде және Қобда ауданында құрылыс жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автожолдар бойында байланыс сапасын жақсарту мақсатында 17 антенна-діңгек құрылысын салу жоспарланған. Инвесторлар барлық нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы сатып алып, құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізуде. Құрылыс 1 тамызда басталады.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау