Қарағандылық шебер Гүлжан Әбдіқашеваның авторлық керамикалық бұйымдары бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, Жапонияда да сатылуда. Сондай-ақ оның туындылары Корея, Түркия және Қытай елдеріндегі көрмелерде ұсынылған.
Ал Гүлпахат Құттыбаеваның киізден жасаған бұйымдары Түркия, Франция, Италия және АҚШ нарықтарынан өз тұтынушыларын тапты.
Кәсіпкерлер мұндай нәтижелерге «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу арқылы қол жеткізді.
Бағдарламаның тиімділігі туралы аппараттық кеңесте «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов айтып берді.
Бүгінде жобаға қатысушылардың өнімдері ішкі нарыққа да сәтті шығарылуда.
Кәсіпкер Жаннара Батырханова SAU SUPERFOOD брендімен пайдалы өнімдер шығарып, оларды Астана қаласына жеткізеді.
Жанар Қантарбаева ірімшік өндіретін цех ашып, жаңа жұмыс орындарын құрды. Оның сүт өнімдері Қарағанды мен елордада сатылымға шығарылуда.
Дәмелі Ермекова ұлттық қолөнерге арналған тауарлардың жеке брендін дамытып, өнімдерін маркетплейстер, көрмелер мен жәрмеңкелер арқылы өткізуде.
— Жобаның өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпалы айқын байқалады. Қатысушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өндіріс көлемін кеңейтуде, өнім сапасы мен қаптамасын жақсартуда, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа нарықтарға шығуда. Сонымен қатар керамика, киіз бен жүннен жасалған бұйымдар, сүт өнімдері, пайдалы тағамдар және ұлттық қолөнер туындылары Қарағанды облысының өңірлік брендтеріне айналып келеді, — деді Ернар Күлпейісов.
Биыл жобаға 62 өндіруші қатысуда. Қазіргі уақытта сарапшылар он финалисті анықтап жатыр. Алдағы уақытта оларға өнімдерін сертификаттаудан өткізуге, тауар белгісін тіркеуге, заманауи қаптама әзірлеуге, сауда желілері мен маркетплейстерге шығуға көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлерге технологиялық сүйемелдеу де ұсынылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-mynbaev/press/news/details/1261199?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау