«Құқықтық дәріхана»: прокурорлар тұрғындардың құқықтық сұрақтарына жауап береді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 21 шілдеде облыста қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде «Құқықтық дәріхана» кезекті акциясы өткізілді.

Дәстүр бойынша акция Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың аудан орталықтарында (сауда-ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда) ұйымдастырылды.

Бұл күні тұрғындар әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу, мұрагерлік құқықтарды іске асыру, жер, тұрғын үй және еңбек даулары сияқты күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелер бойынша тегін құқықтық кеңес алды.

Прокурорлар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, азаматтарға құқықтық жағдайларды зерделеуге көмектесті және туындаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

Мәселен, Есіл ауданының прокуратурасына азамат К. жүгінді. Бұған дейін өтініш беруші Мансап орталығының жолдамасы бойынша колледжде білім алған. Ол оқу барысында сабақтарды себепсіз жібермей, оқу бағдарламасының барлық талаптарын толық орындаған. Алайда басқа тыңдаушылардың сабаққа жүйелі түрде келмеуіне байланысты оқу тобы мерзімінен бұрын таратылып, оқу аяқталған. Соның салдарынан өтініш беруші өзіне тиесілі шәкіртақыдан және өзге де төлемдерден негізсіз айырылған.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша аудан прокуратурасы прокурорлық ден қою шараларын қабылдады. Нәтижесінде азамат К.-ның бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, төленбей қалған ақшалай қаражат толық көлемде төленді.

Тағы бір жағдайда Петропавл қаласының тұрғыны жақын туысы қайтыс болғаннан кейін мұраны рәсімдеу тәртібін түсіндіруді сұрап жүгінді. Оған мұраны қабылдау мерзімдері, қажетті құжаттардың тізбесі және нотариусқа жүгіну тәртібі жан-жақты түсіндірілді.

Мамлют ауданының тағы бір тұрғыны жұмыс берушінің жалақыны уақытылы төлемеуіне байланысты еңбек құқықтарын қорғау мәселесі бойынша жүгінді. Оған заңнамада көзделген құқықтарын қорғау тәсілдері мен уәкілетті органдарға жүгіну тәртібі түсіндірілді.

Акция барысында барлығы 143 азамат қабылданып, оларға құқықтық көмек көрсетілді. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында 2 мыңнан астам азаматқа құқықтық көмек көрсетті.

«Құқықтық дәріхана» акциясы өз жұмысын жалғастыруда. Акция әр сейсенбі сайын Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда үйінде, сондай-ақ облыстың барлық аудан орталықтарында (сауда-ойын-сауық орталықтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және басқа да қоғамдық орындарда) өткізіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-sko/press/news/details/1261478?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version