17 шілде күні сағат 01:00 шамасында Семей қаласындағы Тұрлыханов көпірінде орналасқан Жедел басқару орталығының бейнекамералары қауіпті құқық бұзушылықты тіркеді. Қозғалыс кезінде ВАЗ-2115 автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі 23 жастағы жолаушының көлік салонынан тыс, есікке отырып жүруіне жол берген.
Полицейлер қысқа уақыт ішінде құқық бұзушылардың жеке басын анықтады. Тексеру нәтижесінде жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзған жүргізуші де, Жол жүрісі қағидаларын бұзған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мұндай «экстремалды» әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Бір ғана күрт тежелу, қауіпті маневр немесе болмашы соқтығысудың өзі адамның көліктен құлап, ауыр, тіпті өлімге әкелетін жарақат алуына себеп болуы ықтимал.
Абай облысы Полиция департаменті жолдарды қауіпті ойын-сауық пен әлеуметтік желіге арналған контент түсіретін орынға айналдырмауға шақырады. Бірнеше секундтық әсерлі видео адам өмірінен қымбат емес. Жолдағы қауіпсіздік – әркімнің жауапкершілігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1261099?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау