Жібек жолы ауданында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Аудан әкімі Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында ауданда 7 269 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінде 3 750 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, жоспардың 51,6 пайызы орындалды.
Сонымен қатар мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына 1 242 адам жолданды. Жастарды қолдау шаралары да қарқынды жүргізіліп, 1 098 жас тұрақты жұмысқа орналасса, қалғандары қоғамдық жұмыстарға, «Жастар тәжірибесі», әлеуметтік жұмыс орындары мен кәсіптік оқыту бағдарламаларына тартылды. «Бастау бизнес» жобасы арқылы жүздеген тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, биыл 220 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр.
Ауданда әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Пробация есебінде тұрған азаматтар үшін 27 квоталық жұмыс орны белгіленіп, олардың 14-і тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға арналған 28 бос жұмыс орны ұсынылып, 14 адам жұмыспен қамтылды.
Қазіргі таңда еңбек нарығында мұғалімдер, дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері, есепшілер, заңгерлер, сатушылар, жүргізушілер, күзетшілер мен жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жұмыспен қамту шаралары «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасы, қысқамерзімді кәсіптік оқыту, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін бекітілген көрсеткіштерді толық орындап, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуын арттыру көзделген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1260989?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау