Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) мемлекет кепілдік берген сегіз арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Бұл қызметтер міндетті түрде көрсетіледі, қызмет алушының жеке қажеттіліктері ескеріле отырып кешенді түрде ұсынылады және өмірлік қиын жағдайдың салдарын еңсеруге немесе азайтуға, адамның өздігінен өмір сүру қабілетін қалпына келтіруге әрі өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді жергілікті атқарушы органдар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар арқылы ұсынады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметін лицензиялау енгізілді. Лицензиялау қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын бірыңғай міндетті талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, ұйымдарда білікті мамандардың ең төменгі қажетті құрамы болуы, өрт қауіпсіздігі және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта жасалуы, сондай-ақ қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі тиіс.
Қазіргі уақытта елімізде 600-ден астам лицензияланған ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп, 100 мыңнан астам қызмет алушыны қамтып отыр.
Сонымен қатар, елімізде психологиялық, педагогикалық, түзету, медициналық және өзге де қызметтер көрсететін, бірақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ жекелеген ұйымдар жұмысын жалғастыруда. Мұндай ұйымдар көмектің жекелеген түрлерін көрсете алғанымен, Әлеуметтік кодексте көзделген мемлекет кепілдік берген сегіз арнаулы әлеуметтік қызметтің толық кешенін қамтамасыз етпейді. Бұдан бөлек, лицензияның болмауы мұндай ұйымдардың кадрлық қамтамасыз етуге, қауіпсіздікке, материалдық-техникалық базаға, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, өрт қауіпсіздігіне және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта құруға қойылатын міндетті талаптарға сәйкестігін мемлекет тарапынан растауға мүмкіндік бермейді.
Осындай орталықтарға көбінесе мүгедектігі бар адамдар, әсіресе балалар барады. Көп жағдайда ата-аналарға баланың тез сауығып кететіні немесе денсаулығының айтарлықтай жақсаратыны туралы уәделер беріледі. Бұл негізсіз үміт қалыптастырып, отбасыларды жаңылыстыруы мүмкін. Мәселен, Алматы қаласында осындай орталықтардың біріне шамамен 30 бала барады, оның ішінде 10 бала – мүгедектігі бар балалар. Алайда олар заңнамада кепілдік берілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің толық кешенін алмайды
Соның салдарынан бала уақтылы кешенді оңалту мен сүйемелдеуді ала алмауы мүмкін. Бұл оң динамиканың болмауына, функционалдық жағдайының нашарлауына және тиімді оңалту үшін аса маңызды уақыттың жіберіліп алуына алып келеді. Нәтижесінде әлеуметтік қолдауға және мемлекеттік көмек шараларына қажеттілік сақталуы немесе ұлғаюы ықтимал.
Осыған байланысты мемлекет арнаулы әлеуметтік қызметтерді мемлекеттік және мемлекеттік емес лицензияланған ұйымдарда тегін алуға мүмкіндік бар, мұндай ұйымдардың қызметі сапа мен қауіпсіздікке қойылатын белгіленген талаптарға толық сәйкес келеді.
Бейнебаяндама: https://www.instagram.com/reel/DbGAf4uIAMd/?utm_source=ig_web_copy_link
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1261996?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау