Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, атап айтқанда Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектігі бар азаматтарға қатысты қайта тексеру жүргізуде. Бұл тексеру II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарды қамтиды.
Тексеру барысында жекелеген азаматтардың жалған медициналық құжаттарды ұсынып, солардың негізінде медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтіп, мүгедектігі бар адам мәртебесін заңсыз алған фактілері анықталуда. Қайта тексеру 18 жастан асқан 500 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматты қамтиды.
Бүгінгі күні жалған құжаттарды пайдалану күдігі бойынша 1300-ге жуық жағдай анықталды. Олардың ішінде 167 жағдайда жалған медициналық құжаттарды пайдалану фактісі расталды. Атап айтқанда, әртүрлі азаматтар ұсынған стационарлық емдеу туралы үзінді көшірмелер, диагностикалық қорытындылар, зертханалық талдаулар мен өзге де медициналық зерттеулердің нәтижелері бірдей болып шыққаны анықталды.
Барлық анықталған материалдар алаяқтық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін құқық қорғау органдарына жолданады. Сонымен қатар, аталған азаматтар мүгедектікті растау үшін медициналық-әлеуметтік сараптамадан қайта өтуге күндізгі форматта шақырылады.
Расталған жағдайлардың ең көп саны Шымкент қаласында тіркелген. Сондай-ақ, осындай фактілер Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында анықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, күмән тудырған медициналық құжаттардың көпшілігі жекеменшік медициналық ұйымдармен берілген.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта азаматтар заңсыз жолмен алынған мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақы түрінде төленген ақшалай қаражатты мемлекетке қайтара бастады.
Қосымша бақылауды қамтамасыз ету мақсатында барлық материалдар Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына да жолданды. Көрсетілген фактілер бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар немесе жоқ екендігі туралы түпкілікті шешімді құзыретті құқық қорғау органдары қабылдайтын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1261800?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау