Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері бойынша штаб отырысы өтті
2026 жылғы 22 шілдеде Жамбыл ауданы әкімдігінің ғимаратында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері бойынша штаб отырысы өтті.
Жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бекжан Кеңесбек, Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, құқық қорғау органдары және Құрылтай сайлауын даярлау мен өткізуге уәкелетті мемлекеттік органдардың басшылары, штаб мүшелері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, жауапты сала басшылары өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы есеп беріп, сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру жөніндегі дайындық барысын талқылады.
Штаб отырысында аудан әкімі аппаратының басшысы сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстарының барысы, жаңадан ашылған сайлау учаскелерінің дайындығы, учаскелерде жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары, сондай-ақ сайлаушылардың өтініштері мен сайлаушылар тізіміне қатысты сұрақтарына жедел жауап беру мақсатында ұйымдастырылған Call-орталықтың жұмысы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы мен сайлау күні олардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары жөнінде баяндады. Атап айтқанда, сайлауға қатысты ақпараттық баннерлерді орналастыру, ресми интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде инфографикалық және түсіндірме материалдарды тұрақты жариялау, сондай-ақ аудио және бейнероликтердің әлеуметтік желілерде жарияланып жатқаны жөнінде тоқталды.
Сондай-ақ, сайлау учаскелеріндегі телефон байланысы мен интернет желісінің сапасы және жылдамдығы мәселесіне ерекше назар аударды, олардың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізіліп жатқанын және анықталған техникалық ақауларды жедел жою және байланыс сапасын жақсарту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы сайлауға дайындық барысында жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады. Баяндама барысында аудан тұрғындары арасында сайлау заңнамасының талаптарын түсіндіру, азаматтардың сайлау науқанына белсенді қатысуын қамтамасыз ету, ақпараттық кездесулер ұйымдастыру, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыстарды күшейту бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға кеңінен тоқталды.
Бұдан бөлек, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, дауыс беру үшін сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасау, оның ішінде дауыс беру күні инватакси қызметін ұйымдастыру және шалғай ауылдық округтердегі мүгедіктігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Өз кезегінде, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, сайлау науқанына дайындық барысы туралы баяндама жасап, сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылуының маңыздылығына тоқталды.
Ал, аудандық полиция бөлімінің басшысы, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және шақыру қағаздарын тарату барысында туындайтын мәселелерде сайлау комиссияларына қолдау шараларын көрсететінін жеткізді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау процесінің ашықтығын, заңдылығын және әділдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, Қазақстан Респбуликасы Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауын ақпараттық сүйемелдеуге арналған медиа-жоспарында айқындалған бағыттардың, атап айтқанда «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау туралы», «Азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу туралы», «Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі» модульдарының тиісті әкімшілік аумақтарда орындалауына назар аударды.
Сонымен қатар, жауапты сала басшыларының баяндамаларында қамтылмаған өзекті мәселелерді көтеріп, оларды орындау бойынша заң талаптарына сәйкес нұсқаулықтар мен ұсыныстар берді.
Жиын соңында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жауапты мекемелерге сайлауға дайындық жұмыстарын сапалы жүргізуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, жүктелген міндеттердің уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл ретте, штаб отырысында көтерілген барлық мәселелер мен берілген тапсырмаларды хаттамаға енгізіп, олардың орындалуын бақылауда ұстауды міндеттеді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhambyl/press/news/details/1262090?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау