Сауда-ойын-сауық орталықтары күн сайын мыңдаған келушіні қабылдайды. Сондықтан мұндай нысандардың кез келген төтенше жағдайға дайындығы әрдайым жоғары деңгейде болуы қажет. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы ең ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірі – жалпы аумағы 12 886 шаршы метрді құрайтын «Фиркан Сити» сауда-ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес шартты өрт сауда орталығының нөлінші қабатында орналасқан балалар ойын аймағында орын алды. Санаулы сәттің ішінде үй-жайды қою түтін басып, автоматты өрт дабылы іске қосылды. Нысан қызметкерлері 101 нөміріне жедел хабарлап, келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялауға кірісті, алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдаланып, оқиға орнына келген өрт сөндіру бөлімшелерін қарсы алды.
Оқиға орнына бірінші болып жеткен № 4 өрт сөндіру бөлімінің кезекші қарауылына нысан әкімшілігінің өкілі негізгі эвакуацияның аяқталғанын, алайда ғимараттың бірінші қабатында және кинотеатрлар аумағында адамдар қалып қоюы мүмкін екенін баяндады. Осыдан кейін өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, адамдарды іздеу, құтқару және шартты өртті сөндіру жұмыстарына дереу кірісті.
Оқу-жаттығуға 100-ден астам өрт сөндіруші-құтқарушы қатысып, 20 бірлік техника, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Сонымен бірге, іс-шараға өзара іс-қимыл қызметтері — 102, 103 және газ қызметі жұмылдырылды.
Бөлімшелердің үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылының нәтижесінде шартты өрт қысқа мерзімде оқшауланып, толықтай сөндірілді. Барлық шартты зардап шеккендер қауіпсіз жерге эвакуацияланып, оқу-жаттығу барысында қойылған міндеттер толық көлемде орындалды.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өрт сөндіруші-құтқарушылардың іс-қимылдарын шынайы жағдайға барынша жақындатып, кәсіби даярлығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұндай оқу-жаттығулардың басты мақсаты – ең қымбат құндылық – адам өмірін сақтау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-shymkent/press/news/details/1262079?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау