Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқаулары өтіп, оған 120-дан астам жергілікті тауар өндіруші қатысты.
Қала әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен іс-шара қаланың өндірістік әлеуетін таныстыруға, отандық өнімді насихаттауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды.
«Көрме» орталығында тамақ, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және өзге де салалардағы кәсіпорындар өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тхангал бастаған делегация, сондай-ақ, бизнес қауымдастығы мен қала тұрғындары қатысты.
Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары – 2026» байқауына танымал кәсіпорындармен қатар, өндірісін енді бастаған отандық кәсіпкерлер де қатысты. Байқауда негізінен өнім сапасы мен оның бәсекеге қабілеттілігі бағаланды.
Байқау жеңімпаздары Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2026» республикалық байқауында Шымкенттің намысын қорғайды. Сонымен қатар, іс-шара аясында жергілікті брендтерді дамытуға, өнім сапасын арттыруға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі ұйымдастырылды.
Мұндай іс-шаралар отандық өндірісті дамытуға, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1262254?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау