Скопье, 2026 жылғы 20 шілде – Қазақстан Республикасының Солтүстік Македониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сатыбалды Бұршақов «Дін – соғыс құралы: өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбындағы Дінаралық диалог пен ынтымақтастық жөніндегі IV дүниежүзілік конференцияда сөз сөйлеп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі туралы баяндама жасады.
Іс-шараға Охрид және Македония Архиепископы, Скопье митрополиті Стефан, Солтүстік Македония Ислам діни қауымдастығының басшысы Шакир Фетаи, Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрлігінің басшылығы, Скопьедегі Әулие Кирилл мен Мефодий атындағы университеттің өкілдері, сондай-ақ АҚШ, Сербия, Болгария, Германия, Нидерланд, Бельгия, Италия, Аустрия, Мажарстан, Португалия, Литва, Аргентина, Хорватия, Испания, Израиль, Чехия, Иран, Польша, БАӘ және Эквадордан келген ғалымдар мен діни-сарапшылық орталықтардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі өз баяндамасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің қорытындылары туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол конфессияаралық татулық пен өзара құрмет қазіргі әлемдегі қоғамдық келісімнің маңызды негіздерінің біріне айналғанын атап өтіп, Астанада ұйымдастырылып жүрген Съездің дінаралық үнқатысуды дамытуға, өзара сенімді нығайтуға және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетуге ықпал ететін беделді жаһандық алаң ретінде қалыптасқанын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстанның түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері арасындағы сындарлы диалогты дамытуға ерекше мән беретіні және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін жаһандық сын-қатерлерге ортақ жауап іздеуге мүмкіндік беретін бірегей халықаралық платформа ретінде қарастыратыны атап өтілді.
Конференцияға қатысушылар қазақстандық тараптың баяндамасына жоғары баға беріп, Астана Съезінің қазіргі халықаралық дінаралық үдерістердегі маңызды рөлін ерекше атап өтті.
Конференция делегаттарына VIII Съездің қорытындысы бойынша қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» таратылды.
Іс-шара Скопьедегі Әулие Кирилл мен Мефодий атындағы университеттің Мәдениетаралық зерттеулер орталығымен ұйымдастырылып, Солтүстік Македонияның Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1262499?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау