Наурызбай ауданында көше мен қоғамдық кеңістікті көгалдандыру жұмыстары жалғасып келеді. Маусым басталғалы Eco Almaty қызметкерлерімен бірлесіп жалпы аумағы 7 мың шаршы метр жерге 252 мың гүл көшеті отырғызылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің өкілдері айтты.
Гүл композициялары Шұғыла шағынауданында, «Алатау» шипажайы маңында, Сәбденов көшесінде және Абай даңғылында орналастырылды.
Сонымен қатар Абай және Алатау даңғылдарында, сондай-ақ Әшімов, Шаляпин, Қонаев және Рысқұлов көшелерінде тік көгалдандырудың 1 950 құрылымы орнатылды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында «Алматының гүл жұмағы» саябағының құрылысы қарқын алған. Нысанда жер жұмыстары жүргізіліп, ағаш егіліп, су құбыры тартылды және сыртқы жарықтандыру желілерін орнатуға арналған учаскелер дайындалды. Көріктендіру жұмыстары үшін 5 мың шаршы метрге жуық кеспетас сатып алынып, жиектастарды орнату жұмыстары қызған.
Осы бағдарлама аясында Әшімов көшесінде көгалдандыру және автоматты суару жүйесін орнату, жүргінші аймақтарын көріктендіру, көшелерді жарықтандыру және жөндеу жобалары да жүзеге асырылып жатыр, деп мәлімдеді Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1262702?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау