АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жауапты сала мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары болды. Бұл бағытта аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық базаны нығайту, оқулықтармен қамтамасыз ету, білім ошақтарының санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, сондай-ақ жаңа оқу жылына әзірлік барысы жөнінде баяндады.
Аудан басшысы жаңа оқу жылының сапалы басталуы – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Барлық дайындық жұмыстары белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар білім беру мекемелерінің алдағы жылу беру маусымына дайындығын, қазандықтардың жай-күйін, және қауіпсіздік талаптарының сақталуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына үйлестіріп, нақты міндеттер жүктеді.
Келесі мәселе бойынша Созақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қанат Ақбаев шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары мен өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады. Баяндамада тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, рұқсат етілмеген су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау, өрттің алдын алу мақсатындағы рейдтік іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстардың барысы айтылды.
Мәжілісте сондай-ақ ауылдар мен елді мекендердегі санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының аудан көлемінде жүзеге асырылу барысы қаралды. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов баяндама жасап, елді мекендерді тазалау, көгалдандыру, күл-қоқыс орындарын ретке келтіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы күн тәртібінде көтерілген барлық мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты сала басшыларына жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруды, бақылауды күшейтуді және тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ әрбір сала бойынша нәтижеге бағытталған нақты жұмыстар жүргізіліп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамалар тұрақты жалғасуы тиіс екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1261650?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version