АУДАННЫҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ АППАРАТТЫҚ МӘЖІЛІСТЕ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
 
Мәжіліс басталар алдында аудан әкімі аудандық жер қатынастары бөлімінің жаңа басшысы Абдуллаев Дулат Шералыұлын таныстырды. Ол аталған қызметке конкурс қорытындысы бойынша тағайындалды.
 
Дулат Шералыұлы еңбек жолын Сайрам аудандық жер кадастры бөлімінде техник-жерге орналастырушы болып бастап, кейін жерге орналастырушы, маман, директор, бас маман, өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы, жер мәселелері жөніндегі менеджер, жобаларды дамыту менеджері, бас маман-заңгер, сектор меңгерушісі және қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы секілді түрлі жауапты қызметтерді атқарған.
 
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлегенов баяндама жасады. Мәжілісте тұрғындарды сапалы ауыз сумен толық қамтуға бағытталған жобалардың орындалу деңгейі талқыланып, аудан әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, пайдалануға берілген нысандардың тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
 
Келесі кезекте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар қаралды. Көксәйек және Қасқасу ауылдық округтерінің әкімдері санитарлық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық орындарды күтіп ұстау бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Аудан әкімі тазалық жұмыстары бір реттік шара емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтіп, барлық ауылдық округ әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.
 
Аппараттық мәжілісте өндірістік парктер құру мәселесі де кеңінен талқыланды. Жауапты сала басшысы Асхат Райымбеков ауданның өндірістік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жоспарлар жөнінде баяндады. Өз кезегінде аудан әкімі өндірістік парктердің тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыруды, инвесторлармен жұмысты жандандыруды және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беруді міндеттеді.
 
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды. Мәжілісте тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жеңілдетілген несие беру тетіктері және ауыл халқының табысын арттыру бағытындағы жұмыстар сараланды. Бағдарламаның мүмкіндіктерін халық арасында кеңінен насихаттап, оның орындалуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі айтылды.
 
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің және аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралып, жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына жүктелген міндеттерді белгіленген мерзімде әрі сапалы орындау тапсырылды.
 
Аппараттық мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы күн тәртібінде қаралған барлық мәселе аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Осыған байланысты жауапты мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, әрбір жұмыстың нәтижелілігі мен сапасына ерекше мән беруді міндеттеді.
 
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tolebi-audany/press/news/details/1262021?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version