Бейнеу ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды бастама жүзеге асырылуда.
Тәжен, Тұрыш, Төлеп және Есет ауылдары «Алкогольсіз ауыл» бастамасына қосылып, алкоголь өнімдерін тұтынуды шектеу, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бірлескен жұмыстарды күшейтті.
Осыған байланысты ауыл тұрғындарының қатысуымен кеңейтілген жиын өткізіліп, алкоголь өнімдерін тұтынудың алдын алу, отбасы құндылықтарын дәріптеу және ауылдағы қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шараға прокуратура өкілдері, аудан әкімдігі, кәсіпкерлер, ауыл жастары, ақсақалдар кеңесі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты.
«Алкогольсіз ауыл» бастамасы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жастар арасында жауапты мінез-құлық пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ ауылдық жерлердегі қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Бейнеу ауданындағы Сам, Сыңғырлау және Сарға ауылдары аталған бастамаға қосылған болатын. Биыл Тәжен, Тұрыш, Төлеп және Есет ауылдарының қатарға қосылуымен аудандағы «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін алған елді мекендер саны жетіге жетті.
Бұл бастама – ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы оң өзгерістерді қолдауға бағытталған маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-mangystau/press/news/details/1261990?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау