МАҚТААРАЛДА БІЛІМ БЕРУ НЫСАНДАРЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мақтаарал ауданында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков аудан аумағындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім беру нысандарының барлығын аралап, құрылыс сапасына мониторинг жасады.
Аудан әкімінің орынбасары күрделі жөндеуден өтіп жатқан төрт мектептің, атап айтқанда «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы жалпы орта мектебі және «Жаңа жол» жалпы орта мектебіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысын көрді. Бүгінде аталған нысандарда ғимараттардың сыртқы қабырғаларын жаңарту, шатыр жабындарын ауыстыру, инженерлік жүйелерді жаңғырту, ішкі әрлеу жұмыстары мен аумақтарды абаттандыру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатқан бес мектепті, оның ішінде «Нұрлытаң», Ы.Алтынсарин, И.Панфилов, А.Навои атындағы жалпы орта мектептерін аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылауға алды. Бұдан бөлек, ағымдағы жөндеу толық аяқталған Қ.Үкібаев, Ш.Бектасов, Әл-Фараби, М.Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектептерлің жай-күйімен танысып, атқарылған жұмыстардың сапасына баға берді.
Нысандарды аралау барысында мердігер мекемелердің өкілдерімен кездескен Бижан Анарбеков құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Ол барлық жұмыстардың құрылыс талаптары мен техникалық нормаларға толық сәйкес орындалуын, сапалы құрылыс материалдарын қолдануды, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауды және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
«Білім беру ұйымдарының жай-күйі мен балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы – басты назардағы мәселелердің бірі. Сондықтан, әрбір құрылыс жұмысы сапалы орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Жаңартылып жатқан мектептер заманауи талаптарға сай болып, оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік жасауы қажет» – деді, Бижан Шералыұлы.
Қазіргі таңда барлық құрылыс алаңдарында жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Мектептердің оқу кабинеттері, зертханалары, дәліздері, санитарлық тораптары жаңартылып, электр желілері, жылыту және сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Сонымен қатар, мектеп аулаларын абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу және спорт алаңдарын ретке келтіру жұмыстары қатар атқарылуда.
Айта кету керек, биыл Мақтаарал ауданында білім беру ұйымдарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бүгінде 4 мектепте күрделі жөндеу жүргізілсе, 9 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде 5 мектепте жөндеу жұмыстары жалғасып жатса, 4 мектепте жұмыстар толық аяқталған.
Жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жаңғыртып, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға, сондай-ақ білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1262371?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version