Менингококкты инфекция – жедел респираторлы бактериалды қоздырғышы ауа-тамшы арқылы берілетін, мұрын-жұтқыншақ кілегей қабатының зақымдалуымен, жұмсақ ми қабығының қабынуымен,аурудың симптомсыз түрінен бастап, іріңді менингококкты сепсиске дейінгі клиникалық түрлерімен сипатталатын жұқпалы ауру. Қоздырғышы – менингококк (Neisseria meningitides) менингитпен ауырған адамдардың жұлын сұйықтығынан бөлінген. Менингококк экзотоксин түзбейді, бірақ клетка ыдырағанда өте күшті эндотоксин бөлінеді. Менингококктар қоршаған орта факторларына төзімсіз. Температураның оптималды жағдайын ауытқуы, құрғатылу тез өлтіреді. Сондықтан зерттеу материалы тасмалданғанда бұл жағдайлар ескерілуі қажет. Қолданыстағы дезинфектанттардың бәріне сезімтал. Антибактериалды препараттарға сезімталдығы жоғары. Соңғы жылдары сульфаниламидтерге төзімділік қалыптасқаны айқын аңғарылады, сондықтан бұл топтағы препараттар қолданылмайды.
Жұқпа көзі – науқас адам және бактерия тасымалдаушы. Қоздырғыштың берілу механизмі – ауа-тамшы жолымен. Қоздырғыш қоршаған ортаға төзімсіз болғандықтан ауа – шаң жолымен, тұрмыс заттарымен беріле алмайды. Ауруға ең көп шалдыққандар 5 жасқа дейінгі балалар.
Инкубациялық кезең – 3-10 күн.
Жедел назофарингит – ең жиі кездесетін түрі. 1-3 күн дене қызуының аздап көтерілуі мен әлсіздік, жалпы улану белгілері (бас ауруы, бас айналу) болады. Сонымен бірге мұрынның бітелуі, кілегей қабаттарының қызаруы, құрғауы білінеді.
Менингит: ауру жедел басталады. Қалтырау және дене қызуы 38-40ºC – қа көтерілуі болады. Ауру жалпы әлсіздікпен, көз алмасының ауырсынуымен, маңдай, самай, сирегірек шүйде аймақтарының ауырсынуымен сипатталады. Ал кішкентай баланың анасы аурудың қай уақытта басталғанына дейін айта алады. Ауру біртіндеп күшейе бастайды. Басының ауырғаны күшейіп, анальгетиктерге басылмайды. Науқастың жағдайы күрт төмендеп, ақыл есі бұзыла бастайды. 10-14 сағаттың ішінде аяқ-қолдарының терісіне жұлдызша тәрізді геморрагиялық бөртпелер шыға бастайды. Ауыр түрінде геморрагиялық элемент өте үлкен ортасында некроз болады. Көз склерасында, мұрын жұтқыншақтың кілегей қабатына қан құйылулары байқалады. Мұрыннан, асқазаннан, жаттырдан қан кету болады. Науқасты қараған кезде менингеальды симптомдар аңғарылады. Шүйде бұлшықетінің тартылуы, Керниг, Брудзинский симптомы, жарықтан қорқу, гиперестезия дамиды. Науқас көбіне бір қырынан, аяқ-қолдарын жинап («ит тәрізді») жатады.
Алдын алу шаралары.Ұжымдарда, әсіресе мектеп жасына дейінгі балалар ұжымдарында санитариялық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау. Бөлмені жиі-жиі желдету, ылғалды өңдеу, бактероциттік шам қолдану қоздырғыштың берілу механизмін әлсіретеді. Ауруға шалдығу деңгейінің артуы байқалғанда санитариялық ағарту жұмыстарын жандандыру қажет. Жас балалардың аналарымен, жасөспірімдермен, балалар ұжымдарының күтушілерімен, тәрбиешілерімен , тұрмыста қолданылатын дезинфектанттар, мінез – құлық әрекеттері және т.б. эпидемиологиялық маңызды мәселелер бойынша әңгіме өткізу, санбюллетеньдер шығарып түсіндіру жұмыстарын жандандыру маңызды. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-amangeldi-audany-akimat/press/news/details/1261744?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау