Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету: мүгедектікті белгілеу жүйесін жетілдіру, арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және жеке көмекші институтын дамыту

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы ретте және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша Департаментінің басшысы А.Аймагамбетов Facebook әлеуметтік желісі арқылы «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету: мүгедектікті белгілеу жүйесін жетілдіру, арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және жеке көмекші институтын дамыту» тікелей эфир өткізілді. 

Бүгін біз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету, мүгедектікті белгілеу жүйесін жетілдіру, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және жеке көмекші институтын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат береміз.

Мемлекеттің басты міндеті – әрбір мүгедектігі бар адамға әлеуметтік қолдау шараларына уақытылы қол жеткізуге, сапалы әлеуметтік қызметтер алуға және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау.

Мүгедектікті белгілеу жүйесін жетілдіру

Мемлекеттік қолдау шараларының басым бөлігіне қол жеткізудің алғашқы кезеңі – мүгедектікті белгілеу болып табылады. Сондықтан азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау кезінде медициналық ұйымдар ұсынатын құжаттардың сапасы ерекше маңызға ие.

Бүгінгі таңда Астана қаласында 42 816 мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 12 808.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері 10 466 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 5 048 қызмет (48,2%) – күндізгі тәртіпте, ал 5 418 қызмет (51,8%) – сырттай проактивті форматта көрсетілді.

Салыстыру үшін, 2025 жылдың осы кезеңінде 9 617 қызмет көрсетіліп, оның ішінде 5 261 қызмет (54,7%) – күндізгі, 4 356 қызмет (45,3%) – сырттай проактивті форматта жүзеге асырылған.

Медициналық құжаттардың толық ұсынылуы, қажетті зерттеулердің жүргізілуі және азаматтың денсаулық жағдайының объективті бағалануы медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарына заңнамада белгіленген мерзімдерде негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Құжаттар толық ұсынылмаған немесе уақтылы рәсімделмеген жағдайда қосымша тексерулер жүргізу немесе азаматтың қайта жүгінуі қажеттілігі туындайды. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің ұзаруына және әлеуметтік қолдау шараларын алу уақытын кешіктіруге әкеледі.

Осыған байланысты медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолданатын құжаттардың сапалы дайындалуын және уақытылы ұсынылуын қамтамасыз етуі қажет.

Арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау

Келесі маңызды бағыт – арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға және әлеуметтік қолдауды қажет ететін басқа да азаматтарға көрсетіледі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметі міндетті мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырылады.

Лицензиялаудың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру, ұйымдардың кәсіби деңгейін көтеру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Астана қаласында 18 ұйым лицензия алды, оның ішінде 7 мемлекеттік мекеме және 11 үкіметтік емес ұйым.

Олар 34 түрлі бөлімше арқылы 7,1 мыңнан астам қызмет алушыға қызмет көрсетуде.

Ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер. Жыл басынан бері бұл қызметпен 2 мыңнан астам адам қамтылды.

Қызмет алушылар мен олардың заңды өкілдеріне арнаулы әлеуметтік қызметтерді тек қолданыстағы лицензиясы бар ұйымдардан алу ұсынылады.

Лицензиясы жоқ ұйымдардан қызмет алу белгілі бір тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне, мамандардың біліктілігіне және қызмет алушылардың құқықтарының сақталуына кепілдік берілмейді.

Лицензия ұйымның қажетті материалдық-техникалық базасының, білікті кадрларының бар екенін және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қызмет көрсететінін растайды.

Жеке көмекші институтын жетілдіру

Маңызды бағыттардың бірі – жеке көмекші институтын жетілдіру.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – мүгедектігі бар адам, қызмет көрсетуші және жеке көмекші арасында үшжақты шарт жасасу тетігінің енгізілуі.

Бұл тетік тараптардың құқықтары мен міндеттерін, жауапкершілігін нақты айқындауға, қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етуге және оның сапасын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Азаматтық-құқықтық қатынастар шеңберінде жеке көмекші қызметіне ақы нақты көрсетілген сүйемелдеу қызметінің көлеміне қарай төленеді. Бір қызмет үшін айлық есептік көрсеткіштің 54,56 %-ы мөлшерінде төлем қарастырылған. Бір қызметтің ұзақтығы 4 сағаттан аспайды, ал айына көрсетілетін қызмет саны 60 қызметтен артық болмауы тиіс.

Қызметтердің ақысы кепілдік берілген сома шегінде Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан төленеді.

Төлем жасауға көрсетілген қызметтер актісі негіз болып табылады.

Қызмет көрсетуші жеке көмекші қызметін өз бетінше ұйымдастырады және қызмет алушыға бағынысты болмайды.

Қызмет көрсету уақыты, мерзімділігі және тәртібі тараптардың өзара келісімімен айқындалады.

Қызмет алушы көрсетілген қызметтің сапасын бағалауға, негізді ескертулері болған жағдайда орындалған жұмыстар актісіне қол қоюдан бас тартуға, сондай-ақ қызмет көрсетушінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Шарт талаптары бұзылған жағдайда немесе жеке көмекші қызметін көрсету бойынша жеке оңалту және абилитация бағдарламасында тиісті ұсыным болмаған жағдайда көрсетілген қызметтердің құны өтелмейді.

Қазіргі уақытта Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жаңадан тартылатын және қазіргі уақытта қызмет көрсетіп жүрген жеке көмекшілермен шарттар жасасу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін аяқтау жоспарланған.

Мемлекеттік органдар халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.

Процестерді цифрландыру, медициналық-әлеуметтік сараптаманың сапасын арттыру, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау және жеке көмекші қызметін көрсетудің жаңа тетіктерін енгізу – мүгедектігі бар әрбір адамның сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді мемлекеттік қолдау алуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Заманауи ақпараттық жүйелердің арқасында мемлекет мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері туралы өзекті ақпаратқа ие. Бұл әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын қамтамасыз етуге, әлеуметтік қызметтердің көлемін тиімді жоспарлауға және қызмет алушылардың құқықтарының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1262852?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version