Азаматтар арасында «егер ауру анықталса немесе диагноз қойылса, міндетті түрде мүгедектік беріледі» деген түсінік жиі кездеседі. Алайда бұл пікір қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейді.
Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) кезінде азаматтың диагнозы ғана емес, ең алдымен аурудың ағза қызметтеріне әсері, олардың тұрақты бұзылу дәрежесі және адамның күнделікті өмір сүру мүмкіндіктеріне ықпалы бағаланады.
Яғни, мүгедектік:
✔️ диагноздың болуына қарай емес;
✔️ ағза қызметтерінің тұрақты бұзылуына;
✔️ тіршілік-тынысының шектелу дәрежесіне;
✔️ әлеуметтік қорғау шараларына мұқтаждықтың болуына қарай белгіленеді.
Мысалы, созылмалы ауруы бар адамның денсаулық жағдайы тұрақты болып, еңбек етуге және өзіне-өзі қызмет көрсетуге мүмкіндігі сақталса, мұндай жағдайда мүгедектік белгіленбеуі мүмкін.
Керісінше, кейбір аурулар сырт көзге байқалмағанымен, ағза қызметтерінің айқын бұзылуына және өмір сүру сапасының төмендеуіне әкелсе, бұл мүгедектікті белгілеуге негіз болуы ықтимал.
Осыған байланысты медициналық-әлеуметтік сараптаманың басты мақсаты – аурудың атауын емес, оның адамның денсаулығы мен өмір сүруіне тигізетін нақты әсерін объективті бағалау.
Мүгедектікті белгілеу туралы шешім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық құжаттар негізінде қабылданады.
Медициналық-әлеуметтік сараптама департаменті азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге және сұрақтар туындаған жағдайда МӘС мамандарына жүгінуге шақырады.
Рахман Шегірбаев
Медициналык әлеуметтік және әдіснамалық сараптама бөлімінің басшысы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1262856?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау