Бүгін Астанада 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының оныншы отырысы өтті. Отырыс жұмысына халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың, Сыртқы істер, қаржы, ішкі істер, әділет, мәдениет және ақпарат министрліктерінің, БАҚ өкілдері қатысты. Бейнеконференциялық байланыс режимінде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астананың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыс әкімінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда үгіт материалдарын орналастыру үшін орындарды белгілеу туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерді тіркеудің қорытындылары туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі туралы;
- 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлау алдындағы үгітті жүргізу туралы.
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясында Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу рәсімі жалғасып жатқанын атап өтті. Бұл рәсім 17 тамызға дейін жалғасады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға Орталық сайлау комиссиясы 12 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 86 халықаралық байқаушыны аккредиттегенін айтты.
«2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеу үшін 5 шет мемлекет пен 1 халықаралық ұйымнан 10 халықаралық байқаушының кандидатурасын ұсынды. Атап айтқанда, Молдова Республикасынан – 4 кандидатура, оның ішінде осы елдің Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, Халықаралық парламентарийлер конгресінен (IPC) – 1 кандидатура, Албания Республикасынан – 2 кандидатура, Кувейт Мемлекетінен – 1 кандидатура, оның ішінде осы мемлекеттің Қазақстандағы Елшісі, сондай-ақ Армения Республикасы мен Палестина Мемлекетінен бір-бір кандидатурадан ұсынылды», – деп хабарлады Мұхтар Ерман.
Отырыс барысында өңірлерде үгіт материалдарын орналастыру орындарын дайындау мәселесі бойынша облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Әкімдіктердің мәліметі бойынша бүгінгі таңда республика бойынша үгіт материалдарын орналастыруға арналған 8 мыңнан астам орын, сондай-ақ сайлаушылармен кездесу өткізуге арналған шамамен 4,5 мың орын дайындалған. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы мегаполистер мен халық тығыз қоныстанған өңірлердегі сайлаушылар санын, сондай-ақ қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктерін ескере отырып, үгіт материалдарын орналастыруға арналған резервтік орындарды дайындаудың маңыздылығын атап өтті.
«Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, барлық партиялар үшін үгіт материалдарын орналастыру орындарын белгілейді және оларды жарақтандырады. Үгіт материалдары барлық партиялар үшін тең құқықтарын қамтамасыз етілетіндей жағдайда орналастырылуы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар мен аумақтық сайлау комиссияларының назарына – осы сайлау науқанының шеңберінде саяси партияларды ұсыну және тіркеу кезеңдерінде жоғары бәсекелестік пен белсенділік көрсетілгенін ескере отырып, үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындар мен үй-жайлардың осы санымен шектеліп қана қоймай, олардың резервін қамтамасыз ету қажет», – деді Нұрлан Әбдіров.
Бүгін сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының отырысында Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу кезеңінің қорытындылары шығарылды.
ОСК Төрағасы күнтізбелік жоспарға сәйкес 16-21 шілде аралығында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері жеті саяси партияның әрқайсысы ұсынған кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу мәселелерін қарағанын атап өтті. ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов өз баяндамасында партиялық тізімдерді тіркеу жұмысының қорытындылары мен жалпы статистикалық мәліметтерді таныстырды.
«2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша, Құрылтай депутаттарының мандаттарына үміткер 7 саяси партияның тізімдеріне 545 кандидат енгізілді. Депутаттық мандаттардың жалпы саны – 145. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын талаптарды барлық саяси партиялар сақтады. Жалпы партиялық тізімдер бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9%-ды құрайды. Оның ішінде 172 – әйелдер (31,56%), 373 – ерлер. 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Орташа жас – 45,4 жас», – деп хабарлады ОСК хатшысы.
Шавхат Өтемісов сондай-ақ сайлау процесіне қатысушылардың назарын сайлау заңнамасының талаптарына, заңнамаға сәйкес ОСК белгілі бір негіздер болған жағдайда партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген тұлғаны тізімнен шығару туралы шешім қабылдауға құқылы екендігіне аударды.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын енгізу тәртібі де айқындалды. Жеребе тарту рәсімін ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман өткізді. Саяси партиялардың өкілдері мемлекеттік тілдегі атауларының әліпбилік реті бойынша үстелге шақырылды. Олар өз қолдарымен ішінде нөмір жазылған жабық конвертті таңдады. Енді дәл сол нөмір бойынша әрбір саяси партия сайлау бюллетенінде көрсетілетін болады.
«Орталық сайлау комиссиясының отырысында өткізілген жеребе тартудың қорытындысы бойынша, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетенінде мынадай ретпен орналасатын болады: 1. «Әділет» партиясы», 2. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», 3. Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы, 4. «Қазақстан Халық партиясы», 5. «Ауыл» партиясы», 6. «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы»,
7. «Respublica» партиясы». Жеребе тарту қорытындылары Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің тиісті хаттамасымен бекітіледі», – деп атап өтті ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік қазіргі сайлау науқаны кезіндегі сайлау алдындағы үгітке қатысты заңнамадағы жаңа нормалар туралы баяндады.
Атап айтқанда, енгізілген жаңалықтардың бірі – дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін фото немесе бейнетүсірілім жасауға және оны таратуға тыйым салынуы. Сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға жол берілмейтіні атап өтілді.
«Дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенінің фото немесе бейнетүсірілімін жүзеге асыруға, сондай-ақ оны таратуға тыйым салынады. Бұл норма саяси партияларды жария түрде қолдауды көрсетуге жол бермеуге бағытталған және еркін әрі жасырын дауыс беруді, сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайларды, сондай-ақ сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар, шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру туралы талап өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, үгіт материалдарына қойылатын қосымша талаптар енгізілді. Атап айтқанда, бұрыннан қолданыста болған Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға және жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салумен қатар, енді ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға да тыйым салынды», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.
ОСК мүшесі сондай-ақ сайлау науқанын объективті түрде ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталды. Ол кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін үгіт материалдарын жариялаудан бас тартуға, бірдей көлемде теріске шығару хабарлары мен материалдарын тегін жариялау мүмкіндігін ұсынуға шақырды.
«Сайлау науқанына дайындық аясында Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Атап айтқанда, 3 шілдеде саяси партиялардың өкілдеріне, 22 шілдеде Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған семинарлар ұйымдастырылды. Сөзімді қорытындылай келе, сайлау күні және дауыс беру күнінің алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынатынын еске салғым келеді. Сонымен қатар дауыс беру күнінің алдындағы бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау қорытындыларына қатысты болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдауға арналған дауыс берулерді жариялауға жол берілмейді», – деп еске салды ОСК мүшесі.
Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов та баяндама жасады. Ол министрліктің бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау заңнамасы талаптарын сақтауын қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмыстары және үгіт кезеңінде ақпараттық кеңістікке тұрақты мониторинг жүргізу жоспарлары туралы айтты. Сонымен қатар бірінші вице-министр үгіт кезеңінде саяси партиялардың қызметін тең дәрежеде жариялаудың маңыздылығына, сондай-ақ азаматтардың сайлау құқықтарын кең аудиторияға түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің өзектілігіне тоқталды.
Отырысты қорытындылаған Нұрлан Әбдіров 23 шілде күні сағат 18:01-ден бастап Құрылтай депутаттығына кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастауға құқылы екенін атап өтті.
«Бұл – электораттық науқанның қызықты және маңызды кезеңдерінің бірі. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жүргізуі үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуінің тең жағдайына кепілдік беріледі. Сайлау органдары сайлау науқанының барлық кезеңдерін заңнамаға қатаң сәйкес түрде, ашық әрі әділетті бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып өткізу үшін барлық жағдайды жасауға тиіс. Сонымен бірге Құрылтай депутаттығына кандидаттарды, сондай-ақ олардың сенім білдірген адамдарын, кандидаттардың және саяси партиялардың сайлау алдындағы штабтарын, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарын үгіттік іс-шараларды сайлау заңнамасы шеңберінде жүргізуіне назар аударғым келеді. Мынаны ескеру қажет: сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібін және ережелерін бұзған жағдайда сайлау комиссиясы кандидатты тіркеу туралы шешімінің күшін жоя алады», – деп түйіндеді Нұрлан Әбдіров.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Сондай-ақ ОСК мүшелері бұқаралық ақпарат құралдарына арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/election/press/news/details/1262868?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау