Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №32 мекемеде 2025 жылғы 1 шілдеде қол қойылған Қазақстан Республикасының «Амнистия туралы» Заңын іске асыру басталды.
Қазіргі уақытта мекемеде 500-ге жуық сотталған әйел жазасын өтеп жатыр. Амнистия туралы Заңды іске асыру аясында шамамен 100 сотталғанның жаза мерзімі қысқартылады, ал шамамен 40 әйел мерзімінен бұрын босатылып, отбасына оралып, өмірінің жаңа кезеңін бастау мүмкіндігіне ие болады.
ҚАЖ департаментінің мәліметінше, алғашқы сот шешімдері заңды күшіне енді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 16 шілдеде Қарағанды облысының Абай аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша сотталған 38 жастағы әйелге қатысты материалдарды қарады. Қазақстан Республикасының «Амнистия туралы» Заңының 1-бабының 2-тармағына сәйкес сот оны негізгі жазасының өтелмеген бөлігін өтеуден босату туралы шешім қабылдады.
Амнистия туралы Заңды іске асыру қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуде. Әрбір іс жасалған қылмыстың санаты, тағайындалған жаза мерзімі және заңда көзделген өзге де талаптар ескеріле отырып, жеке тәртіппен қаралады.
Қазіргі уақытта мекемеде амнистия қолдануға жататын өзге де сотталғандарға қатысты материалдарды дайындау және оларды сот органдарына жолдау жұмыстары жалғасуда. Бұл ондаған әйелге туған-туыстарымен қайта қауышып, әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге және жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiskaraganda/press/news/details/1261675?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау