Төтенше жағдай психологиясы: ерекшеліктері мен маңызды қырлары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Төтенше жағдай кезінде адамдар тек физикалық жарақат алмайды. Кейде көзге көрінбейтін психологиялық жарақаттың салдары әлдеқайда ұзаққа созылады. Осындай сәтте көмекке ТЖМ психологтары келеді. Олар қайғылы оқиғалардың куәсі болған адамдарға ғана емес, күн сайын қауіппен бетпе-бет келетін құтқарушыларға да қолдау көрсетеді.

Бұл қызметтің ерекшелігі, төтенше жағдайларда көрсетілетін психологиялық көмектің маңызы және қызметтің қыр-сыры туралы Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің психологы Юлия Викторовна Козинкина айтып берді.

– Юлия Викторовна, неге дәл осы мамандықты таңдадыңыз? Жалпы психолог пен ТЖМ психологының айырмашылығы неде?

– Мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ психолог болуды шештім. Себебі адамдарға көмек көрсететін мамандықтар маған әрдайым жақын болды. Ал ТЖМ жүйесінде жұмыс істеу өмірдің ең қиын сәтінде қолдауға мұқтаж адамдарға көмек көрсету мүмкіндігімен қызықтырды.

ТЖМ психологының азаматтық психологтан басты айырмашылығы – төтенше және дағдарыс жағдайларында жұмыс істеуі. Біз төтенше жағдайдан кейін өткір күйзеліс жағдайындағы адамдарға шұғыл психологиялық көмек көрсетеміз және көбіне оқиға орнында жұмыс істейміз.

– Сіз үшін кіммен жұмыс істеу күрделірек: төтенше жағдайдан зардап шеккендермен бе, әлде күн сайын ауыр оқиғалардың куәсі болатын құтқарушылармен бе?

– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі екі бағыт та үлкен кәсіби дайындықты, тәжірибені және жоғары жауапкершілікті талап етеді.

Зардап шеккендермен жұмыс кезінде маманнан жедел әрекет ету, қысқа уақыт ішінде дұрыс шешім қабылдау және өз эмоционалдық тұрақтылығын сақтай білу қажет. Ал жеке құраммен жұмыс барысында қызметкерлердің психологиялық жай-күйіндегі өзгерістерді дер кезінде байқап, оларға қажетті қолдау көрсету маңызды.

 

– Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер күн сайын қайғылы оқиғалармен бетпе-бет келеді. Олардың эмоционалдық күйзелістен қажып кетпеуіне қалай көмектесесіздер?

– Бұл бағытта профилактикалық жұмыстардың маңызы өте зор. Біз психологиялық тренингтер өткіземіз, жеке консультациялар ұйымдастырамыз, эмоционалдық өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуға көмектесеміз.

Ең бастысы – ұжымда психологиялық көмекке жүгіну әлсіздік емес екенін қалыптастыру. Әріптестердің бір-біріне қолдау көрсетуі, күрделі сезімдерімен бөлісуі және эмоционалдық ресурсты уақытылы қалпына келтіруі кәсіби күйіп кетудің алдын алуға ықпал етеді.

– Құтқарушылардың көбі өз мәселесін ашық айтпайды. Егер қызметкер көмекке мұқтаж екенін өзі мойындамаса, оны қалай анықтайсыз?

– Шынында да, көп жағдайда қызметкерлер өздерінің эмоционалдық қиындықтары туралы ашық айтпайды. Сондықтан психолог бөлімше басшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар да қызметкерлердің мінез-құлқындағы өзгерістерді байқайды.

Егер адамның бойында тұйықталу, ашушаңдық, көңіл күйінің күрт өзгеруі, мотивацияның төмендеуі, эмоционалдық салқындау немесе ұжымдағы жанжалдардың жиілеуі байқалса, бұл оның ішкі күйзелісті немесе эмоционалдық шаршауды бастан өткеріп жүргенінің белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қызметкер психологқа жіберіліп, жеке жұмыс жүргізіледі.

– Өз тәжірибеңізден есте қалған оқиғалардың бірімен бөліссеңіз.

– Менің кәсіби тәжірибемдегі ең ауыр әрі есте қалған жағдайлардың бірі – 2024 жылы Костенко шахтасында болған қайғылы оқиға.

Сол кезде біз қаза тапқан кеншілердің туыстарына психологиялық көмек көрсеттік. Олар өткір күйзелістің әртүрлі кезеңдерін бастан өткерді. Бұл тәжірибе маған адамның дағдарыс жағдайындағы психологиялық реакциялары ешқашан бір ғана теория немесе үлгімен шектелмейтінін тағы бір рет дәлелдеді.

Адамның эмоциялық жағдайы өте жылдам өзгеруі мүмкін: бір сезім екіншісіне ауысып, бірнеше эмоция қатар байқалады. Сондықтан мұндай жағдайда психологтың кәсіби икемділігі, әр адамның жағдайына мұқият қарауы және қажетті қолдауды дер кезінде көрсете білуі ерекше маңызды.

– Сіздің жұмысыңызда ең көп шабыт беретін нәрсе не?

– Мен үшін ең үлкен шабыт – өз еңбегімнің нәтижесін көру. Қиын кезеңде қолдау көрсеткен адамдардың алғысын есту, олардың өміріндегі ауыр сәттен өтуіне аз да болса көмектесе алғанымды сезіну – кәсіби қызметімдегі ең үлкен марапат.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-karaganda/press/news/details/1261727?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version