Жергілікті мәслихаттардың өкілеттігіне өзгерістер енгізілді
Қазақстан Республикасының Президенті «Мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңға сәйкес, мәслихаттардың қызметіне қатысты бірқатар жаңа норма енгізілді.
Заңнамада алғаш рет мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері жеке бапта айқындалды. Енді аппарат басшысы мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметшілерді тағайындау және қызметтен босату, қызметтік тәртіпті бақылау, кадрлық мәселелерді шешу, сессиялар мен тұрақты комиссиялардың отырыстарын ұйымдастыру, депутаттардың біліктілігін арттыру және өзге де ұйымдастырушылық қызметтерді жүзеге асырады.
Сонымен қатар заңда мәслихаттардың өкілеттігі кеңейтілді. Атап айтқанда, мәслихаттар:
– әкімдердің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарларының орындалуын қарайды;
– бюджеттік комиссиялардың жұмысына қатысады;
– елді мекендерді санитарлық тазарту қағидаларын бекітеді;
– тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдану мәселелерін қарайды.
Бұдан бөлек, депутаттық сауалдарға жауап беру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ жергілікті қоғамдастық жиналыстарының өкілеттіктері кеңейтілді. Заңға сәйкес, бір адам облыстық, аудандық, республикалық маңызы бар қала немесе астана мәслихатының төрағасы лауазымын қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды. Заң 2026 жылғы 26 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/beskaragaymaslikhat/press/news/details/1262342?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау