2026 жылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы саласының жай-күйі туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының мал шаруашылығы саласында жалпы оң даму үрдісі байқалады. Саланың дамуына негізгі серпінді ауыл шаруашылығы құрылымдары қамтамасыз етіп, сүт пен ет өндірісінің ұлғаюына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының негізгі түрлері бойынша мал басының көбеюіне ықпал етті.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара мал (ІҚМ) саны 432,9 мың басты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артты.

Ірі қара мал табынының құрылымында сүтті-етті бағыттағы мал басым:

– сүтті-етті бағыт – 291,0 мың бас (67,2%);

– сүтті бағыт – 116,4 мың бас (26,9%);

– етті бағыт – 25,6 мың бас (5,9%).

Ұсақ мал саны 667,2 мың басты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейде сақталды (100,1%). Оның ішінде қой саны 0,4%-ға өсті.

Ең жоғары өсім жылқы шаруашылығында тіркелді: жылқы саны 254,4 мың басты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға артты (104,9%).

Шошқа саны 24,8 мың басқа дейін ұлғайды (101,2%). Өсім негізінен ауыл шаруашылығы құрылымдары есебінен қамтамасыз етілді, онда көрсеткіш 16,5%-ға артты (116,5%).

Құс саны 3,86 млн басты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейге жуық сақталды.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы

Облыста:

– асыл тұқымды ірі қара мал – 43,5 мың бас (жалпы мал басының 10,0%-ы);

– асыл тұқымды қой – 64,1 мың бас (11,5%);

– асыл тұқымды жылқы – 4,1 мың бас (1,6%);

– асыл тұқымды шошқа – 1,2 мың бас (4,3%).

Сүт өндірісі

2026 жылғы қаңтар–маусым айларында шаруашылықтардың барлық санаттарында 125,5 мың тонна сүт өндірілді, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық (105,3%).

Негізгі өсім ауыл шаруашылығы құрылымдары есебінен қамтамасыз етілді. Бұл санаттағы шаруашылықтарда сүт өндірісі 10,4%-ға артып, 61,3 мың тоннаға жетті. Халық шаруашылықтарында 64,3 мың тонна сүт өндіріліп, өсім 0,9%-ды құрады.

Облыстағы 33 тауарлы-сүт фермасы қайта өңдеу кәсіпорындарына 38,9 мың тонна сүт өткізді, бұл жалпы өндірілген сүт көлемінің 31%-ын құрайды.

Ет өндірісі

Шаруашылықтардың барлық санаттарында тірідей салмақта 72,0 мың тонна ет өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артты.

Өндірілген өнімнің негізгі көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиесілі – 53,5 мың тонна немесе жалпы өндірістің 74,4%-ы. Халық шаруашылықтарында 18,4 мың тонна ет өндірілді.

Тірідей салмақтағы ет өндірісінің құрылымында:

– құс еті – 53,2%;

– сиыр еті – 26,6%;

– жылқы еті – 9,8%;

– қой және ешкі еті – 7,8%;

– шошқа еті – 2,6%.

Мемлекеттік қолдау

2026 жылы мал шаруашылығы саласын дамытуға 4,776 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты қарастырылған.

Жыл басында қаржыландырудың негізгі бөлігі 2024–2025 жылдары қалыптасқан субсидиялар бойынша берешекті өтеуге бағытталды. Қосымша бөлінген 3,9 млрд теңге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдындағы жинақталған берешекті толық өтеуге мүмкіндік берді.

Негізгі үрдістер:

– ірі қара мал, жылқы және шошқа санының өсуі;

– сүт өндірісінің 5,3%-ға артуы;

– ет өндірісінің 3,3%-ға өсуі;

– ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндіріс көлемінің ұлғаюы;

– өткен жылдардағы мал шаруашылығы субсидиялары бойынша берешектің толық өтелуі;

– тауарлы-сүт фермаларының қарқынды дамуы.

Алдағы кезеңдегі басым бағыттар ретінде бордақылау алаңдарының жүктемесін арттыру, сүт пен жұмыртқаны өнеркәсіптік негізде өндіру үлесін ұлғайту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, саланың жеке қосалқы шаруашылықтарға тәуелділігін төмендету және мемлекеттік қолдау қаражатының тиімділігін арттыру айқындалған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-agro/press/news/details/1262916?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version