Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Алматы облысының тұрғындарымен, оның ішінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті.
Кездесуге фермерлік шаруашылықтардың, қайта өңдеу кәсіпорындарының, салалық қауымдастықтардың және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
«Агроөнеркәсіп кешенінің алдында ауқымды міндеттер тұр. Биыл ауыл шаруашылығы саласының өсімін 5,9%-ға, азық-түлік өндірісін 10,5%-ға, ал сусындар өндірісін 11,5%-ға арттыруымыз қажет. Бұл Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындаудың нақты қадамы», – деді Айдарбек Сапаров.
Айта кету керек, биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша республикадағы ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 104,4%-ды құрады.
Сонымен қатар министр Алматы облысында жұмысты жандандыру қажеттігін айтып, өңірдің межелі көрсеткіштерге қол жеткізу әлеуетінің зор екенін айтты.
Кездесу барысында аграршыларды мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.
Айдарбек Сапаров салаға көрсетілетін қаржылық қолдау тетіктері айтарлықтай кеңейтілгенін атап өтті. Жалпы көлемі 750 млрд теңгені құрайтын көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тәжірибесі жалғасуда. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен беру, қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары және «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетіктері іске асырылуда. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қарыз қаражатының құнын төмендетуге жол ашады.
Кездесуде мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
Осыған байланысты Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Оның шеңберінде «Игілік», «Береке» және «Жайлау» жаңа жеңілдетілген несие бағдарламалары іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал басын сатып алуға, жайылым инфрақұрылымын дамытуға және шаруашылықтарды қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Айдарбек Сапаров аграршыларды егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытатын аралас шаруашылық жүргізу моделін белсенді енгізуге шақырды. Оның айтуынша, бұл тәсіл ауыл тұрғындарын жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтып, жер ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашып, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының экономикалық орнықтылығын арттыруға мүмкіндік бермек.
Кездесу барысында агробизнес өкілдері мал және жылыжай шаруашылығы жобаларын қаржыландыру, тарифтік саясат, сондай-ақ саладағы өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Министр қойылған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, жауапты құрылымдық бөлімшелерге тиісті тапсырмалар жүктеді.
Кездесуді қорытындылаған Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамытуға бағытталған жүйелі шараларды алдағы уақытта да жалғастыратынын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – Президенттің тапсырмаларын сапалы орындап, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және аграршылардың тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау. Осы мақсатта жеңілдетілген несиелеуді дамытып, қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ынталандырып, мемлекеттік қолдау шараларын кезең-кезеңімен кеңейтіп келеміз. Бұл жұмыс агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуы мен отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі реформалар аясында жалғасады», – деді министр.
Кездесуден кейін Айдарбек Сапаров азаматтарды жеке қабылдады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1263418?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау