«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ХҚО-дан дайын құжаттарды жеткізу қолжетімді болатын мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейтуде. Алдағы айда оған жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және тарату, сондай-ақ білім беру саласындағы жекелеген қызметтер кіреді. Бұл өтініш берушілерге Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта бармай-ақ дайын құжаттарды алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда дайын құжаттарды жеткізуге 15 мемлекеттік қызмет бойынша тапсырыс беруге болады. Олардың ішінде – мұрағаттық анықтамалар беру, баланың тууын және некені бұзуды тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру және куәліктерді қайта беру, білім туралы құжаттардың телнұсқаларын беру және ресми құжаттарға апостиль қою.
Естеріңізге сала кетейік, құжаттарды жеткізуді қызметті рәсімдеу кезінде ресімдеуге болады. Сервис ақылы. Республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкентте – құны 2061 теңге, қалған өңірлерде – 1036 теңге.
Құжат дайын болғаннан кейін қызмет алушының нөміріне 1414 нөмірінен бірегей растау коды бар SMS-хабарлама келеді. Қауіпсіздік мақсатында оны құжаттарды алған сәтте тікелей курьерге хабарлау қажет. Код дайын құжаттың өтініш берушіге жеке тапсырылғанын растау үшін қолданылады. Қосымша жеке куәлікті көрсету қажет.
Айта кетейік, мемлекеттік корпорация үшін цифрлық сервистерді дамыту жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтерді алу процесін неғұрлым ыңғайлы ететін және азаматтардың қажеттіліктеріне жауап беретін шешімдерді жасауға ұмтылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-aksu-oitogan/press/news/details/1263373?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау