2026 жылғы 29 шілдеде, халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» мультиспорттық турнирінің ашылу күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Афиныдан Астанаға дейін. Олимпиадалық артефактілер» атты көрме өз жұмысын бастайды. Экспозиция 1896 жылы Афиныда өткен қазіргі заманғы алғашқы Олимпиаданың 130 жылдығына орай ұйымдастырылып, халықаралық турнирдің мәдени бағдарламасының бір бөлігіне айналады.
Көрме келушілерді әлемдік олимпиадалық қозғалыстың қалыптасу тарихымен, оның дәстүрлері мен құндылықтарымен таныстырады. Экспозицияда 1896 жылғы Олимпиададан бастау алатын марапат және естелік медальдар, олимпиадалық алаулар, дипломдар және өзге де тарихи жәдігерлерді қамтитын 141 түпнұсқа артефакт ұсынылады. Көрменің негізін Владимир Потаниннің олимпиадалық коллекциясындағы жәдігерлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорындағы экспонаттар, оның ішінде көрнекті спортшылардың жеке спорттық жабдықтары құрайды.
Көрменің жеке бөлімі тәуелсіз Қазақстанның олимпиадалық тарихына арналады. Келушілер еліміздің Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері – Владимир Смирнов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Александр Винокуров, Денис Тен, Ольга Рыпакова, Геннадий Головкин және Елдос Сметовке қатысты фотосуреттер мен естелік жәдігерлерді тамашалай алады.
Заманауи технологиялар да көрменің маңызды бөлігіне айналады. Цифрлық шешімдер мен нейрожелілік технологиялардың көмегімен келушілер «жанданған» олимпиадалық дипломдарды көріп, ежелгі грек құдайлары мен спортшылардың бейнелері қозғалысқа енетін ерекше цифрлық инсталляциямен таныса алады. Бұл Олимпиаданың тарихын цифрлық дәуірдің жаңа мүмкіндіктерімен ұштастырады.
Көрменің «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылуымен қатар өтуі ерекше символдық мәнге ие. Экспозиция олимпиадалық қозғалыстың бай тарихы мен заманауи спорттық технологияларды тоғыстырып, ұрпақтар сабақтастығын, олимпиадалық құндылықтарға деген құрметті және өткеннің спорттық дәстүрлері мен болашақ спорттың арасындағы байланысты айшықтайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1263613?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау