Павлодар қаласының ювеналды полиция қызметкерлері жергілікті дәмханалар мен мейрамханалардың әкімшілерімен профилактикалық кездесулер өткізді. Кездесудің негізгі тақырыбы – жазғы демалыс кезінде жұмыс істеуге ниет білдірген кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау болды.
Полицейлер кәсіпкерлерге жасөспірімдерді жұмысқа қабылдау кезінде заңнама талаптарын сақтау қажеттігін жан-жақты түсіндірді. Әсіресе жұмыс уақытына қатысты шектеулерге ерекше назар аударылды: 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан, ал 16 мен 18 жас аралығындағылар аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандарды ауыр еңбекке, түнгі ауысымдарға, сондай-ақ алкоголь және темекі өнімдерімен байланысты жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынғанын еске салды. Кездесу соңында мекеме әкімшілеріне ақпараттық жадынамалар мен түсіндірме буклеттер таратылды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жасөспірімдердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуға және кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға шақыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1263544?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау