Қарақия ауданында ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар қолға алынуда. Өткен маусым айының 24-і күні аудан әкімі Сымбат Төретаев жергілікті коммуналдық саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында арнайы сатып алынған заманауи техникалардың кілтін салтанатты түрде табыстады. Елді мекендердің абаттандырылуы мен тазалығына тікелей үлес қосатын, өндірістік қуаты жоғары 12 дана су жаңа арнайы техника коммуналдық парктің әлеуетін айтарлықтай арттырды.
Бүгінгі таңда жаңадан пайдалануға берілген бұл техникалар елді мекендердегі күнделікті тазалық жұмыстарына толықтай тартылып, өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Коммуналдық қызметтердің қарқынды әрекетіне сәйкес, аудан көлемінде дәстүрлі сенбіліктер өтіп, қоғамдық орындар мен көшелерді күтіп-ұстау шаралары белсенді жүргізілуде.
Соның айқын дәлелі ретінде бүгін Мұнайшы, Жетібай және Құрық ауылдарында ұйымдастырылған «Қарақия ауданындағы тазалық жұмыстарының бір күні» атты масштабты акцияны атап өтуге болады.
Тазалық науқаны барысында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған тәсілдер кеңінен қолданыла бастады. Солардың бірі-тұрмыстық қатты қалдықтарды жинаудың заманауи әрі қолайлы форматы саналатын сигналдық әдіс. Бұл жүйе елді мекендерде тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалыптастырып, коммуналдық қызметтердің жұмыс ырғағын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, жеке тұрғын үй секторында дәстүрлі контейнерлік жүйеге қарағанда мобильді әрі тиімді балама ретінде өзін ақтауда. Осы бағытта «Таза Қарақия» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны аудан бойынша белгіленген аймақтардан қалдықтарды сигналдық әдіс арқылы жинауды жүйелі түрде жолға қойған.
Жүргізілген қарқынды жұмыстардың нәтижесінде тек аталған үш ауылдың өзінен жалпы көлемі 262 текше метр тұрмыстық қоқыс шығарылып, арнайы полигондарға тасымалданды. Бұл көрсеткіш-атқарылған ауқымды істің нақты нәтижесі мен ауылдарды көркейтуге бағытталған жүйелі қадамдардың айғағы. Аудандағы бұл оң өзгерістер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ.
Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1262990?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау