Сырымның білім кеңістігі: сапа, серпін және жаңа мүмкіндіктер
Сырым ауданында соңғы үш жылда білім беру жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып, бірқатар оң нәтижеге қол жеткізілді. Білім беру ұйымдарының желісін тұрақты сақтау, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды кеңейту, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайту, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту және цифрлық инфрақұрылымды дамыту – ауданның білім саласындағы негізгі басымдықтарға айналды.
Қазіргі таңда ауданда жалпы 20 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 16-сы шағын жинақталған мектеп, 4-еуі толық жинақты мектеп. Соңғы үш жылда толық жинақты мектептер саны өзгеріссіз сақталса, шағын жинақталған мектептер саны 17-ден 16-ға дейін қысқарды.
Аудан мектептеріндегі оқушылар контингенті де соңғы жылдары тұрақты деңгейде сақталып отыр. 2023-2024 оқу жылында аудан бойынша 3147 оқушы білім алса, 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 3192 оқушыға жетті. Ал 2025-2026 оқу жылында мектеп оқушыларының жалпы саны 3152 баланы құрады.
Сонымен қатар бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылар саны бойынша төмендеу динамикасы байқалады. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылында 351 бала, 2024-2025 оқу жылында 349 бала, ал 2025-2026 оқу жылында 281 оқушы бірінші сынып табалдырығын аттаған.
Мектепке дейінгі білім беру саласында керісінше, ұйымдар желісін кеңейту бағытында нақты қадамдар жасалуда. 2023-2024 және 2024-2025 оқу жылдарында ауданда 31 мектепке дейінгі ұйым қызмет көрсетсе, 2025-2026 оқу жылында жеке меншік «Сұлуай» балабақшасының ашылуына байланысты олардың саны 32-ге жетті.
Бүгінде аудан аумағында 2 мемлекеттік, 2 жеке балабақша, 9 мектеп-бөбекжай кешені және 19 шағын орталық жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда жалпы 812 бала тәрбиеленуде.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қолжетімділікті арттыру мақсатында 2025-2026 оқу жылында А.Жұмағалиев атындағы МББК мен М.Қаналиев атындағы МББК-да екі жастағы балаларды қамтуға арналған қосымша топтар ашылды. Сонымен бірге жыл соңына дейін қосымша 60 орындық балабақша ашу жоспарланып отыр. Дегенмен қазіргі уақытта аудан бойынша 90 бала мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұр.
Ауданда білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Соңғы үш жылдағы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, білім сапасында тұрақты өсім байқалады. 2023-2024 оқу жылында бұл көрсеткіш 63,5 пайызды құраса, 2024-2025 оқу жылында 65,5 пайызға, ал 2025-2026 оқу жылында 66,7 пайызға жетті. Осылайша үш жыл ішінде білім сапасы 3,2 пайыздық тармаққа артқан.
Жоғары нәтижеге ұмтылған түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу белсенділігі де жоғары деңгейде сақталды. 2023-2024 оқу жылында ҰБТ-ға қатысу үлесі 99,5 пайызды, 2024-2025 оқу жылында 99 пайызды құрады. Ал «Алтын белгі» иегерлерінің саны соңғы екі оқу жылында тұрақты түрде 11 оқушыны құрап отыр. Бұл – аудан мектептерінде білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Білім сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі – білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту. Осы бағытта соңғы үш жылда ауданда ауқымды жұмыстар жүргізілді. 2025 жылы Қоңыр ауылындағы А.Жұмағалиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешені күрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы Құспанкөл ауылындағы бастауыш мектеп қыркүйекте жаңа ғимаратта Құспанкөл негізгі орта мектебі ретінде жұмысын бастайды.
Сонымен қатар «Желкен» қорының қолдауымен А.Жұмағалиев атындағы МББК, Талдыбұлақ МББК және Жырақұдық орта мектебі заманауи ғылыми және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Ал Ж.Досмұхамедов атындағы МББК-ға физика, химия және биология пәндеріне арналған жаңа кабинеттер берілді.
Білім беру саласындағы цифрландыру үдерісі де қарқын алып келеді. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 1075 компьютер жұмыс істейді. Орта есеппен бір компьютерге 0,4 оқушыдан келеді.
Цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында 2024 жылы ауданның шеткері орналасқан 12 мектебін Starlink жоғары жылдамдықты спутниктік интернет жүйесіне қосу жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны 16 млн теңгеден астам қаржыны құрайды. Бұл бастама шалғай елді мекендердегі оқушылар мен педагогтердің сапалы интернетке қолжетімділігін арттырып, цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бүгінде аудан мектептері 497 бейнебақылау камерасымен қамтылған. Олардың барлығы цифрлық жүйеге ауыстырылды.
2023 жылдың 15 шілдесінен бастап Қ.Мырзалиев атындағы мектепте лицензияланған күзет қызметі мен «Alaqan» биометриялық турникет жүйесі енгізілді. Ал 2024 жылдан бастап Ж.Досмұхамедов атындағы МББК мен Сырым мектеп-лицейінде мамандандырылған күзет пен турникет жүйесі орнатылды.
Террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданның 13 мектебі мен 2 балабақшасы дабыл түймелерімен қамтылған.
Білім беру жүйесінің тұрақты дамуы, ең алдымен, педагогтердің кәсіби әлеуетіне тікелей байланысты. Бүгінде ауданда 611 педагог еңбек етеді. Олардың ішінде «шебер», «зерттеуші», «сарапшы» және «модератор» сияқты жаңа форматтағы біліктілік санаттарына ие мамандардың үлесі 75 пайызға жетті.
Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында 208 педагог, ал Педагогикалық шеберлік орталығында 4 педагог білімін жетілдірді. 2025 жылы «Өрлеу» орталығынан 120 педагог курс оқыса, 2026 жылы бұл бағытта тағы 65 педагог біліктілігін арттырды.
Балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамыту мақсатында қосымша білім беруге де ерекше көңіл бөлінуде. 2023-2024 оқу жылында ауданның үш қосымша білім беру ұйымын 1298 оқушы аяқтаған. 2024-2025 оқу жылында бұл көрсеткіш 1415 оқушыға, яғни аудан оқушыларының 52 пайызына жетті. Ал 2025-2026 оқу жылында қосымша біліммен қамтылған балалардың саны 1490 оқушыны құрады.
Бұл көрсеткіштер Сырым ауданында білім беру жүйесінің бір бағытта ғана емес, барлық деңгейде қатар дамып келе жатқанын аңғартады. Оқушылардың білім сапасын арттырумен қатар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрландыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, қауіпсіздік және қосымша білім беру бағыттарында да оң өзгерістер бар.
Ауданның білім беру саласында атқарылған жүйелі жұмыстар мен қол жеткізген нәтижелер облыстық деңгейде де жоғары бағаланды. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы өткізген қорытынды рейтинг нәтижесінде Сырым ауданы «Білім жүйесінің синергиясы» номинациясымен марапатталды.
Бұл марапат – ауданның білім беру жүйесінде қалыптасқан өзара ықпалдастық пен бірлескен еңбектің нақты нәтижесі. Себебі білім сапасы – тек мектеп пен мұғалімнің ғана емес, оқушы, ата-ана, білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың ортақ мақсатқа жұмылған жүйелі жұмысының жемісі.
«Білім жүйесінің синергиясы» номинациясы – Сырым ауданындағы білім саласының барлық буынының бір мақсат жолында тоғысып, ортақ нәтижеге жұмыс істеп отырғанының айқын дәлелі. Бұл жетістік ауданның білім беру жүйесінде қалыптасқан оң тәжірибені одан әрі жетілдіруге, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және әрбір балаға сапалы білім мен қолайлы орта қалыптастыруға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Алдағы кезеңде қол жеткізілген нәтижелерді еселеп, білім сапасын жаңа деңгейге көтеру, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды кеңейту, педагогтердің кәсіби әлеуетін одан әрі нығайту, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және әрбір оқушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау – Сырым ауданының білім беру саласындағы басты басымдықтардың бірі болмақ.
Сырым ауданының білім беру бөлімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-syrym/press/news/details/1263180?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау