Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Жарқайың ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – Тасөткел ауылындағы «Темірлан» ЖШС-нің қызметімен танысты. Көп жылдан бері бұл шаруашылық ауданның агроөнеркәсіп кешеніндегі жетекші кәсіпорындардың бірі ғана емес, ауылдың дамуына тұрақты үлес қосып келе жатқан әлеуметтік жауапты серіктес ретінде де танылып келеді.
Шаруашылықтың негізгі бағыттары – өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және сүт өнімдерін өңдеу. Мұнда бидай, арпа, зығыр, бұршақ және көкөніс дақылдары өсіріліп, мал азығы дайындалады. Ал көкөніс дақылдары суармалы жерлерде егіледі.
Соңғы жылдары шаруашылық сүт бағытындағы өндірісті қарқынды дамытып келеді. Мұнда 400 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы салынған, асыл тұқымды мал басын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ірі қара мал саны 1,2 мың бастан асады. Кәсіпорынның өз сүт өңдеу цехында тәулігіне 3 мың литрге дейін сүт өңделеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өңдеу қуатын кеңейту жоспарланып отыр.
Шаруашылық жұмысы толық өндірістік цикл қағидаты бойынша – «егістіктен сөреге дейін» ұйымдастырылған. Өз алқаптарында өсірілген мал азығы шаруашылықтағы малды қамтамасыз етуге пайдаланылады, ал сауылған сүт бірден өңдеу цехына жеткізіліп, онда сүт, қаймақ, айран, сары май және ірімшік өндіріледі. Дайын өнім Жарқайың ауданы мен көршілес өңірлерге жеткізіледі, ал артық сүт Есіл сүт зауытына жөнелтіледі.
Шаруашылықтың жұмысымен танысқан Марат Ахметжанов Жарқайың ауданының агроөнеркәсіп кешені саласында Ақмола облысында ғана емес, республика көлемінде де көшбасшы өңірлердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, осындай кәсіпорындар ауыл кәсіпкерлігінің тиімді дамуының жарқын үлгісі болып табылады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Біз сүт-тауар фермаларын салуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және заманауи технологияларды енгізуге инвестиция салатын шаруашылықтарға қолдау көрсетіп келеміз. Мұндай жұмыстың табысты үлгілерінің бірі – Ерейментау ауданындағы «Игілік» және «Береке» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несиелеу тетіктерін іске асырып отырған кәсіпорындар. Ақмола облысы осы қолдау тетігін алғаш болып енгізген өңір болды. Осындай бастамалардың арқасында заманауи өндірістер дамып, азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, жаңа жұмыс орындары ашылуда», – деді Марат Ахметжанов.
Бүгінде шаруашылықта 50-ге жуық адам еңбек етеді. Сонымен қатар кәсіпорын өзін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес ретінде танытып келеді. Оның қолдауымен ауылішілік жолдар абаттандырылып, мектеп пен балабақшаға көмек көрсетілуде, жас мамандарға арналған тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, наубайхана, дүкен және спорт залы салынған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1262896?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау