Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды.
Ауқымды тазалық шарасының басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Сенбілік жұмыстарына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер, белсенді жастар мен аудан тұрғындары белсенді түрде қатысты. Бірлескен іс-шара барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жол жиектеріндегі ретсіз қоқыстар жиналды. Сонымен қатар, бұған дейін отырғызылған ағаш көшеттеріне күтім жасалып, суару жұмыстары жүргізілді.
Жалпы сенбілікке 1600 адам жұмылдырылып, жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін 8 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде аудан аумағынан 6,5 тонна қоқыс шығарылып, белгіленген арнайы полигондарға жеткізілді.
Экологиялық акция аясында атқарылған жұмыстар ауданның санитарлық тазалығын жақсартып қана қоймай, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға ықпал етті.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бір реттік шара емес, тұрғындарды тазалық пен тәртіпке үндейтін маңызды қоғамдық бастама. Осы бағыттағы жұмыстар Мақтаарал ауданында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықты сақтау шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады.
Мақтаарал ауданының әкімдігі барлық тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық акцияларға белсенді қатысуға шақырады. Таза әрі көрікті аудан қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1263663?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау