Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларын әзірледі. Аталған қағидалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Жаңа тетік цифрлық майнинг саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша ынталандырулар жасауға, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Қазақстандағы цифрлық активтер индустриясын одан әрі дамытуға бағытталған.
Стратегиялық цифрлық майнинг бағдарламасына қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады.
Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесін тек Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін және тиісті өтінім берген цифрлық майнинг субъектілері ғана ала алады.
Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету мақсатында өтінімдер Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жанындағы Комиссияда мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен қаралады. Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесін беру туралы шешім ұсынылған материалдарды жан-жақты қарау қорытындысы бойынша қабылданады.
Стратегиялық цифрлық майнер мәртебесін алған компаниялар электр энергиясын өндіруші ұйымдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекті тарифтен аспайтын бағамен 10 жылға дейінгі мерзімге электр энергиясын сатып алу-сату туралы тікелей шарттар жасасуға мүмкіндік алады.
Өз кезегінде, бағдарламаға қатысушылар Ұлттық стратегиялық крипторезервке өндірілген цифрлық активтердің жалпы көлемінің 10%-ын емес, Қағидаларда белгіленген тәртіппен электр энергиясын сатып алу мен жеткізуге жұмсалған шығындар есепке алынғаннан кейін қалған цифрлық активтердің 10%-ын аударады.
Ұлттық стратегиялық крипторезервті қалыптастыру бюджет қаражатын пайдаланбай жүзеге асырылады.
Резерв стратегиялық цифрлық майнерлердің бағдарламаға ерікті түрде қатысуы есебінен ғана толықтырылатын болады. Бұл мемлекетке цифрлық активтердің стратегиялық қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Біз Қазақстанда цифрлық активтерді дамыту үшін бәсекеге қабілетті әрі инвестициялық тартымды юрисдикцияны кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз. Стратегиялық цифрлық майнинг институтын енгізу – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1263642?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау