Ресейдің Омбы қаласында XXIІ Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің төрағалығымен өткен маңызды шараның пленарлық сессиясына
облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Ресей Федерациясы – Абай облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі. Биылғы қаңтар–мамыр айларында Ресейдің облыстың сыртқы сауда айналымындағы үлесі 25,4 пайызды құрады. Осы кезеңде екі жақты тауар айналымы 428,8 млн АҚШ долларына жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 180 пайызға өсті.
Соңғы жылдары Омбы облысымен ынтымақтастық нығайып келеді. Абай облысының делегациясы былтыр Омбы қаласында өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» атты халықаралық форумға қатысты. Шара аясында облыс әкімі Берік Уәли мен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко мәдениет саласындағы келісімге қол қойды.
Сондай-ақ, өткен жылы Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко бастаған делегация Абай облысына арнайы келген болатын. Келіссөздер нәтижесінде Абай облысы әкімдігі мен Омбы облысы Үкіметі арасында Ертіс өзенін дамыту және бірлесіп пайдалану жөніндегі хаттамаға, сондай-ақ, 2025–2028 жылдарға арналған халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жоспарына қол қойылды. Құжат отыз бағытты қамтиды. Оның ішінде туризм саласындағы бірлескен жобалар бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1263671?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау