Мәдениет және ақпарат министрлігінде үш өңірдің мәдениет саласындағы жартыжылдық қорытындылары мен даму жоспарлары қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде Павлодар, Қостанай облыстары мен Астана қаласының мәдениет саласында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары қорытындыланды.

Негізгі нәтижелердің қатарында өңірлердегі мәдениет инфрақұрылымының жаңартылуы атап өтілді. Павлодар облысында алты айдың ішінде 8,5 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Мичурино және Алғабас ауылдарында жаңа мәдениет нысандары салынып жатыр. Тағы үш елді мекендегі мәдениет үйлеріне жөндеу жүргізілуде. Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр мен Иса Байзақов атындағы филармония жаңа техникалық жабдықтармен және музыкалық аспаптармен қамтамасыз етілуде.

Астанада алғашқы алты айда 9 мыңнан астам іс-шара өтіп, оған 1,8 миллионға жуық адам қатысты. Қазіргі уақытта «Астана жұлдызы» монументінде жөндеу және реставрация жұмыстары жалғасуда. «Жастар» театрының ғимаратын күрделі жөндеу жобасы бойынша оң қорытынды алынды. Сондай-ақ Астана циркін жаңғыртуға қажетті жобалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Елордада кітапхана желісін кеңейту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде 12 кітапхана ғимараты жаңғыртылып, жеті жаңа кітапхана ашылды.

Қостанай облысында бес мәдениет нысаны салынып, Арқалық қаласындағы Мәдениет сарайы қалпына келтірілді. Өңірдегі төрт кәсіби театр 552 қойылым ұсынып, облыстық филармония 125 концерт өткізді. Қазіргі уақытта облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясын жаңарту, «Қостанай галереясын» реконструкциялау және «Шертер» ансамблін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Музей қорындағы 332 мың жәдігердің 142 мыңнан астамы цифрлық форматқа көшірілді.

Жиында атқарылған жұмыстардың қорытындыларымен қатар, ауылдық жерлердегі мәдениет мекемелерін жаңарту, музей және архив қорларын цифрландыру, археологиялық зерттеулер жүргізу, тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау мәселелері қаралды.

Концерттерде фонограмманы пайдалану, қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілім аясын кеңейту және отандық авторлардың шығармаларын театр репертуарына енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жылдың екінші жартысында Астанада «Шабыт» халықаралық байқауы, Нұржамал Үсенбаева атындағы вокал өнері халықаралық байқауы және TeatrALL фестивалі өтеді. Өңірлерде музей, театр, концерт қызметін дамытуға және мәдениет инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасады.

Жиын қорытындысы бойынша өңірлерге Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмаларын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау, жылдың екінші жартысына жоспарланған жобаларды толық аяқтау және көтерілген мәселелер бойынша нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Берілген тапсырмалардың орындалу барысы Мәдениет комитетінің ерекше бақылауына алынды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1264339?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version