2,4 мың шақырымнан астам автомобиль жолы халықаралық қауіпсіздік стандарттары бойынша тексеріледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жол инфрақұрылымын бағалаудың заманауи халықаралық тәсілдерін қолдана отырып, автомобиль жолдарының қауіпсіздігіне аудит пен инспекция жүргізу жөніндегі ауқымды жоба басталды. «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) облыстық маңызы бар 2,4 мың шақырымнан астам автомобиль жолын кешенді тексеруге кірісті.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 2 414 шақырым автомобиль жолы қамтылады. Оның ішінде 1 384 шақырымы Батыс Қазақстан облысында, ал 1 030 шақырымы Маңғыстау облысында орналасқан. Жобаның негізгі мақсаты – инженерлік ерекшеліктеріне байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша қосымша шараларды қажет етуі мүмкін жол учаскелерін анықтау.

Дәстүрлі тексерулерден айырмашылығы, жол қауіпсіздігі аудиті жол инфрақұрылымын жан-жақты бағалауды көздейді. Мамандар жолдың геометриялық параметрлерін, көріну қашықтығын, жол жабынының жай-күйін, жол таңбаларын, жол белгілерін, қоршау бөгеттерін, жол жиектерін, жаяу жүргіншілер өткелдерін, қоғамдық көлік аялдамаларын, қиылыстар мен жанасуларды талдап, қосымша инженерлік шешімдерді қажет етуі мүмкін учаскелерді айқындайды.

Жұмыстарды жүргізу барысында ҚазжолҒЗИ жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін басқару саласындағы халықаралық тәжірибені қолданады. Әдістеменің негізіне Чехия Республикасының көлік қауіпсіздігі саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі – Брно қаласындағы CDV (Centrum dopravního výzkumu) Көлік зерттеулері орталығының тәжірибесі алынды.

ҚазжолҒЗИ аталған Чехияның ғылыми орталығымен қолданыстағы меморандум аясында ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу, мамандарды даярлау және бірлескен жобаларды іске асыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. CDV сарапшылары Еуропалық Одақтың 2008/96/EC «Жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін басқару туралы» директивасын Чехияда енгізуге және автомобиль жолдары қауіпсіздігі аудиторларын даярлауға тікелей қатысқан.

Зерттеу жұмыстары заманауи мобильді жол зертханасының көмегімен жүргізілуде. Арнайы диагностикалық кешен автоматты режимде жол жабынының бойлық тегістігін, із тереңдігін өлшейді, жол бетінің цифрлық моделін қалыптастырады, жарықтар, шұңқырлар, шөгулер және басқа да ақауларды тіркейді, сондай-ақ жол инфрақұрылымының үздіксіз фото және бейнетүсірілімін жүзеге асырады.

Тексеру қорытындысы бойынша қосымша шараларды қажет ететін әрбір жол учаскесі үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инженерлік ұсынымдар әзірленеді. Анықталған барлық ерекшеліктер географиялық координаттарға байланыстырылып, жұмыстардың нәтижесінде бірыңғай цифрлық деректер базасы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру шараларын жоспарлау кезінде бірінші кезекте назар аударуды қажет ететін учаскелердің картасы қалыптастырылады.

Мамандардың айтуынша, халықаралық тәжірибені қолдану жол инфрақұрылымындағы жекелеген кемшіліктерді жоюдан жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер ететін факторларды жүйелі бағалауға көшуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады және автомобиль жолдарын дамыту мен пайдалану кезінде тиімді инженерлік шешімдер қабылдауға негіз болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga/press/news/details/1264645?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version