Омбы қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықтың XXII форумы аясында «Жастар ынтымақтастығы: жастар бастамалары мен жастар кәсіпкерлігін қолдау» тақырыбындағы Қазақстан–Ресей жастар форумы өтуде. Аталған алаң екі елдің мемлекеттік органдары, салалық ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы және қоғамдық бірлестіктер көшбасшыларының өкілдерін біріктірді.
Ақтөбе облысының атынан форумға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев қатысып жатыр.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Әлімбек Тұралиев жастардың мемлекеттің дамуының басты ресурсы әрі Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың негізгі факторы екенін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына жан-жақты жағдай жасауға бағытталған кешенді мемлекеттік жастар саясаты кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Бүгінде жастар – мемлекеттеріміздің дамуының басты ресурсы. Дәл жастар жаңа идеяларды қалыптастырып, инновациялық жобаларды жүзеге асырып, болашақты айқындайды. Сондықтан оларға сапалы білім алуға, кәсіби тұрғыда дамуға, жеке кәсібін ашуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік жасау аса маңызды. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық бірлескен білім беру жобалары, ғылыми зерттеулер, кәсіпкерлік бастамалар және жастар алмасуы арқылы одан әрі кеңейе түседі деп сенемін», – деді Әлімбек Тұралиев.
Өз баяндамасында ол қатысушыларға Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын таныстырды. Басқарма басшысы білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және волонтерлік қозғалысты дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы сөз етті. Сондай-ақ адами капиталды дамыту, «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру, IT-хабтар мен жасанды интеллект мектептерін құру, жастарды жұмыспен қамту және олардың бастамаларын қолдауға арналған бағдарламаларға ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, Әлімбек Тұралиев білім беру, ғылым, цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік және волонтерлік салаларындағы Қазақстан–Ресей ынтымақтастығының әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, мұндай форумдардың үздік тәжірибелермен алмасу, бірлескен жобаларды дамыту және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумы Омбы қаласында 24 шілдеде өз жұмысын бастады. Форум аясында мемлекеттік органдар, іскерлік орта, білім беру ұйымдары және жастар ұйымдарының өкілдері кездесулер өткізуде. Іс-шараның негізгі тақырыптары – өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру және жастар бастамаларын қолдау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-almaty/press/news/details/1263912?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау