«Балалар қауіпсіздігі» рейді: ШҚО полициясы көшелер мен ойын-сауық орындарын тексеруде
Шығыс Қазақстан облысында 24–25 шілде күндері «Балалар қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Тәртіп сақшылары жасөспірімдерді қауіп-қатер мен құқық бұзушылықтардан қорғау мақсатында ойын-сауық орындарын, қоғамдық орындарды, көшелер мен аулаларды тексеруде.
Рейдтің алғашқы тәулігінде полиция қызметкерлері 73 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның басым бөлігін түнгі серуендер құрайды: кәмелетке толмағандардың ата-анасының еріп жүруінсіз сағат 23:00-ден кейін үйден тыс жерде жүрген 56 фактісі және бір жасөспірімнің ойын-сауық орнында болғаны анықталды.
Түнгі уақытта балалардың болуына жол берген мекеме иелері қатаң жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, ата-аналардың бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағанының 14 фактісі анықталды. Бұдан басқа, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және ұсақ бұзақылық фактілерінің жолы кесілді.
ШҚО Полиция департаменті әрбір баланың қауіпсіздігі отбасының назары мен қамқорлығынан басталатынын еске салады. Балаларыңызды жамандықтан қорғау үшін олардың бос уақыты мен қарым-қатынас ортасын қадағалауды ұмытпаңыздар!
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1263781?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау