Түркістан облысы Сайрам ауданының Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағында орналасқан Қарасу спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы «Түркістан Барысы» облыстық іріктеу турнирі өз мәресіне жетті. Дәстүрлі дода жеңімпаздары енді республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде өңір намысын қорғайтын болады.
Облыстың аудан-қалаларынан 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде үздік шыққан 26 апайтөс балуан боз кілемде бақ сынап, «Түркістан барысы» атағы үшін өзара күш сынасты. Белдесулер жоғары деңгейде өтіп, көрермендерге тартысты әрі әсерлі сәттер сыйлады.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев пен Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спортты дамытуға қосып жүрген үлестері үшін ризашылықтарын білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша Сауран ауданының балуаны Әбдуғани Бибарыс қола жүлдені иеленді.
Финалда Шардара ауданының өкілі Қайсар Шамшидинов пен Сарыағаш ауданының балуаны Мейіржан Әбдімәліков белдесті. Шешуші кездесуде Қайсар Шамшидинов шеберлігі мен күшін дәлелдеп, қарсыласынан басым түсіп, «Түркістан Барысы – 2026» атағын жеңіп алды.
Жеңімпазға арнайы белбеу мен 500 мың теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын иегері 300 мың теңге, ал үшінші орын алған балуан 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Айта кетейік, облыстық іріктеу турнирінде бірінші және екінші орын алған Қайсар Шамшидинов пен Мейіржан Әбдімәліков 15 тамыз күні Астана қаласында өтетін республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Түркістан облысының намысын қорғайды
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tyulkubas-audany/press/news/details/1264395?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау