Қосшы қаласындағы AQMOLA индустриялық аймағы елорданың іргесіндегі қаланың жаңа өнеркәсіптік даму орталығына айналуда. Соңғы бес жылда Қосшы айтарлықтай өзгерді: жаңа тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынды, инженерлік инфрақұрылым қарқынды дамып, халық саны тұрақты өсуде. Бүгінде қаланың келесі даму кезеңі заманауи өндірістерді іске қосумен, инвестиция тартумен және жаңа жұмыс орындарын ашумен байланысты.
Қысқа уақыт ішінде индустриялық аймақ жоспарлау кезеңінен ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру кезеңіне өтті. Бүгінде аумағы 200 гектардан асатын индустриялық аймақта жалпы құны 361 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба сүйемелденіп, жүзеге асырылуда. Бұл жобалар іске қосылғаннан кейін 4 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, Қосшы қаласы ғана емес, бүкіл Астана агломерациясының экономикалық өсімінің жаңа нүктелері қалыптасады.
Индустриялық аймақтың якорлық жобасы Central Asia Development Holding ЖШС мен қытайлық Hunan Construction Engineering Group компаниясы бірлесіп жүзеге асыратын «Жібек жолы» инновациялық-индустриялық қаласының құрылысы болмақ. Жоба аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған құрамдас бөлшектерді, фотоэлектрлік модульдерді, автомобильдерді, арнайы және ауыл шаруашылығы техникаларын, қасбеттік конструкцияларды, азаматтық мақсаттағы ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін заманауи кәсіпорындар, сондай-ақ қазіргі заманғы деректерді өңдеу орталығы (Data Center) салынады.
Сонымен қатар индустриялық аймақта құрылыс индустриясы, логистика және тамақ өнеркәсібі салаларындағы жобалар да жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, отандық компаниялардың жаңа инвестициялық бастамалары пысықталуда. Солардың қатарында «Гормолзавод» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын салу жобасы бар.
«Егер Көкшетауда біз балмұздақ, сары май және ұлттық өнімдер шығаруға басымдық берсек, Қосшыдағы өндіріс алаңы сүт, қаймақ, айран және басқа да әлеуметтік маңызы бар сүт өнімдерін шығаруға бағытталады. Елордаға жақын орналасуы еліміздің түрлі өңірлеріндегі жаңа өткізу нарықтарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді «Гормолзавод» ЖШС-нің директоры Ерсаин Жақсылықов.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов AQMOLA индустриялық аймағы елорда маңындағы қаланың экономикасын дамытудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналатынын атап өтті.
«Біз инвесторларға заңнама аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба идеядан бастап пайдалануға берілгенге дейін толық сүйемелденеді. Өңірде инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет жұмыс істейді. Ол әкімшілік кедергілерді жедел шешуге және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Индустриялық аймақ толықтай қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Электр, газ, су жүйелері мен кәріз желілері тартылған. Бұл инвесторларға алаңдарды дайындауға кететін шығындарды барынша азайтып, жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді», – деді өңір басшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1264884?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау