Семей қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерінің жолын кесу және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтті. Құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар полицияға әлеуметтік желілер арқылы да жиі түсуде. Әрбір жарияланым мұқият тексеріліп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Соңғы күндері бірнеше құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Атап айтқанда, елді мекен аумағында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдаланған 23 жастағы қала тұрғыны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған құқық бұзушылық үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Сондай-ақ, 24 жастағы тағы бір тұрғын Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша — тыныштықты бұзғаны және елді мекенде пиротехникалық бұйымдарды пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, көңіл көтеру орындарының бірінің 52 жастағы әкімшісі тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған құқық бұзушылық үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Сонымен қатар, екі көңіл көтеру орнының әкімшілігіне құқық бұзушылықтардың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынулар енгізілді.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтаудың және айналадағы адамдардың тыныштығына құрметпен қараудың әркімнің міндеті екенін еске салады. Заң талаптарын бұза отырып пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, сондай-ақ тыныштықты бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шараларды одан әрі жалғастырып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын кез келген құқық бұзушылыққа, оның ішінде әлеуметтік желілерде жарияланған хабарламаларға да жедел әрі қағидатты түрде ден қоятын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1264070?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау