Бейнеу ауданында «Таза Бейнеу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жаңа арнайы техникаларды салтанатты табыстау іс-шарасы өтті.
Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, «ӘДІЛЕТ» партиясы Бейнеу аудандық филиалының өкілдері, дербес бөлімдердің, мекеме және кәсіпорын басшылары, сондай-ақ Бейнеу ауылының әкімі қатысты.
Салтанатты іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Жандос Салиев сөз сөйлеп, бұл бастама ауданның коммуналдық саласын дамытуға, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының маңызына тоқталып, аудан көлемінде көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, абаттандыру, көгалдандыру және коммуналдық инфрақұрылымды нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға беріп, жаңа техникалардың олардың жұмысын жеңілдетіп, аудан тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласының ардагері Аманқұл Ұлықбанов сөз сөйлеп, ауданның тазалығы мен көркеюі жолында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Ол коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне ризашылығын білдіріп, жаңа техникалардың ел игілігіне қызмет етіп, ауданның одан әрі дамуына өз үлесін қосуына тілектестік білдірді.
Қаржылық лизинг тетігі арқылы кәсіпорынға жалпы 14 бірлік арнайы техника сатып алынған. Оның 13 бірлігі бүгін пайдалануға берілді. Атап айтқанда, 9 қоқыс тасымалдайтын арнайы автокөлік, 2 жүк көлігі, 1 вакуумдық көлік және 1 жол тазалайтын шаңсорғыш машинасы табысталды.
Жаңа техникалар коммуналдық қызметтің материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, абаттандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және аудан тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында арнайы техникалардың кілттері жүргізушілерге салтанатты түрде табысталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-beyneu/press/news/details/1263916?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау