Жатаған укекіре – ауыл шаруашылығына қауіпті карантинді арамшөп

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өсімдік карантині – еліміздің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан аумағында таралуы шектелетін немесе ерекше бақылауда болатын зиянды организмдердің қатарына карантинді арамшөптер де жатады. Солардың ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарына елеулі зиян келтіретін қауіпті өсімдіктің бірі – жатаған укекіре (Acroptilon repens).

Жатаған укекіре – көпжылдық, өте төзімді, тамыр жүйесі жақсы дамыған карантинді арамшөп. Ол негізінен егістік алқаптарында, жайылымдарда, шабындықтарда, жол жиектерінде және бос жатқан жерлерде өседі. Қолайлы жағдайда тез көбейіп, кең аумаққа таралады. Бұл арамшөп тұқымы арқылы да, жер астындағы тамырсабақтары арқылы да көбейетіндіктен, онымен күресу өте қиын.

Жатаған укекіренің басты ерекшелігі – оның қуатты тамыр жүйесі. Тамырлары 10 метр тереңдікке дейін бойлап, жан-жаққа тарайды. Тамырдың кішкене ғана бөлігі топырақта қалып қойса, одан қайтадан жаңа өсімдік өсіп шығады. Сондықтан. жерді жай ғана жырту немесе шабу бұл арамшөпті толық жоюға мүмкіндік бермейді.

Бұл өсімдік ауыл шаруашылығы дақылдарымен жарыса өсіп, топырақтағы ылғал мен қоректік заттарды молынан пайдаланады. Соның салдарынан мәдени дақылдардың өнімділігі төмендеп, егіннің өнімі мен сапасы нашарлайды. Сонымен қатар, жатаған укекіре мал азығының сапасын да төмендетеді. Мал бұл өсімдікті көп жағдайда жемейді, ал шөп құрамына араласқан жағдайда жемшөптің сапасы төмендеп, сүт пен ет өнімдерінің дәміне де кері әсер етуі мүмкін.

         Жатаған укекіренің таралуына көбіне ластанған тұқымдық материал, ауыл шаруашылығы техникасы, су арналары, жел және адам әрекеті себеп болады. Сондықтан карантиндік талаптарды сақтау – оның таралуының алдын алудың негізгі жолдарының бірі.

         Қазақстан Республикасында жатаған укекіреге қарсы фитосанитариялық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Олар:

-егістік алқаптарын жүйелі түрде тексеру;
-карантиндік фитосанитариялық мониторинг жүргізу;
-жатаған үкекіре анықталған жағдайда оны оқшаулау және жою;
– агротехникалық, механикалық және химиялық күрес әдістерін кешенді қолдану;
– таза тұқым материалын пайдалану және ауыл шаруашылығы техникасын тазалау.

Жатаған укекіремен күресте агротехникалық шаралардың маңызы зор. Ауыспалы егіс жүйесін сақтау, жерді уақытылы өңдеу, мәдени дақылдарды дұрыс орналастыру және арамшөптердің гүлдеп, тұқым шашуына жол бермеу – тиімді алдын алу шараларының бірі. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген гербицидтер мамандардың ұсынысына сәйкес пайдаланылуы тиіс.

Өсімдік карантині саласындағы заңнама талаптарын сақтау – әрбір жер пайдаланушының міндеті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен жер иелері өз алқаптарын тұрақты бақылап, карантинді арамшөптердің таралуына жол бермеуге жауапкершілікпен қарауы қажет.

Қорытындылай келе, жатаған укекіре – ауыл шаруашылығы өндірісіне елеулі экономикалық зиян келтіретін қауіпті карантинді арамшөп. Онымен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық жер пайдаланушылардың ортақ міндеті. Карантин талаптарын сақтау, уақтылы мониторинг жүргізу және тиімді күрес шараларын қолдану арқылы ғана оның таралуын шектеуге және ауыл шаруашылығы алқаптарының өнімділігін сақтауға болады.

 

Баянауыл ААИ-ның бас маманы-өсімдік қорғау

және карантин инспекторы Б. Б. Ақажан

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ekibastyz-selhoz/press/news/details/1264178?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version