Аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 37 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны Алматыда бейнебақылаудың бет-әлпетті тану функциясымен жабдықталған «Сергек» жүйесінің көмегімен ұсталды. Күдікті жәбірленушіге 44 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген. Сот үкіміне сәйкес пробациялық бақылауда болған ол 2023 жылы тұрғылықты жерін өз бетінше тастап, белгісіз бағытқа бой тасалаған. Үш жыл бойы құқық қорғау органдарынан жасырынғанына қарамастан, оны іздестіру жұмыстары бір сәтке де тоқтатылған жоқ. Жедел ақпараттың нәтижесінде іздеуде жүрген азаматтың Алматы қаласында жүргені анықталды. Бір қызығы, оны ұстау үшін полиция қызметкерлеріне арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің қажеті болмады. Заңнан қашып жүрген азамат үшін шешуші сәт супермаркеттердің біріне барған кезде орын алды. Дәл сол жерде ол «Сергек» жүйесінің бейнекамерасына түсіп қалды. Заманауи технологиялар нейрожелі мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оның бет-бейнесін іздеуде жүрген тұлғалардың деректер базасымен салыстырып, жеке басын дәл анықтады. Жүйеден түскен дабыл бойынша жергілікті полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қарағандылық азаматты ұстады. Жеке басы расталғаннан кейін Қарағанды облысы полициясының құжаттарына сәйкес ол туған қаласына этаппен жеткізілді. Қазіргі уақытта ер адам қамауда отыр және сот шешімін күтуде. Алдағы уақытта бұрын шығарылған пробациялық бақылау туралы сот үкімінің күшін жою мәселесі қаралып, жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру түрінде өтеу туралы шешім қабылданады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1265508?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау